Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Абай облысының тұрғындарымен кездесті

20-07-2023, 13:00 Еркежан Қуатқызы

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Абай облысына іс-сапарымен келіп, облыс халқымен есептік кездесу өткізді. Жиынға жергілікті атқарушы органдар, облыстың Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, еріктілер, облыс тұрғындары мен жастар қатысты.

«Жыл басынан бері Абай облысының құтқарушылары 300 астам адамды құтқарды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп. Бұл ретте өңірде бес жүзден астам төтенше жағдай тіркелді», - деді министр.

Облыс бойынша 90% оқиғалардың басым бөлігі тұрмыстық және өндірістік өрттер құрайды. Министр атап өткендей, мұндай оқиғалардың көбі жылыту маусымы кезінде орын алады. Бірінші жартыжылдықта министрлік төтенше жағдайлар кезінде қаза тапқандардың өсуіне жол бермеді, олардың саны 8,4%-ға азайды. Бұл ретте республика бойынша 6 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар тіркелген.

«Абай облысында 200-ге жуық өрт сөндіру техникасы бар. Бізде тікұшақтар барлық республикаға арналған. Дегенмен де, Абай облысына арналған 1 тікұшақ кезекшілікте тұр. Былтыр республика бойынша 242 техника алынған болатын. Оның 60% жергілікті атқару органдарынан, қалғаны бюджет есебінен алынды. Абай облысы бойынша техниканың 30% жуығы ескірген. Дегенмен де, ескі техниканы өз кезеңімен қолдануға болады», - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ, төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жергілікті тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жергілікті тұрғындарды жылыту маусымына дейін пештер мен мұржаларды тазалауға шақырамын. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың назарын қазандықтарды жылыту кезеңіне дайындау жөніндегі іс-шараларды аяқтау қажеттігіне аударамын», - деп атап өтті министр.

ТЖ министрі атап өткендей, жылу беру кезеңінде министрліктің басты міндеті - тұрғын үй секторында өлім-жітімнің өсуіне жол бермеу. Жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде тұрғын үй секторында қаза тапқандар саны еліміз бойынша 6% - ға азайған. Абай облысында да мұндай жағдайлардың өсуіне жол берілмеді.

Тұрғындармен кездесу барысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жылыту маусымы алдында өрт қауіпсіздігі бойынша жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар туралы өңір тұрғындарын хабардар етті.

«Бірлескен рейдтер жүргізу кезінде халықтың әлеуметтік осал санаты анықталады. Жергілікті атқарушы органдар оларды есепке алады. Облыс бойынша осы санаттағы 7 мыңнан астам отбасы бар. Оларға көмір сатып алуға, пештерді, жылыту жүйелерін жөндеуге атаулы көмек көрсетіледі және біздің ұсынысымыз бойынша өрт датчиктері орнатылады. Мәселен, өңірде 750-ден астам датчик орнатылған. Алдағы жылыту кезеңінде тағы бір мыңнан астам датчик орнатылады», - деді Сырым Шәріпханов.

Абай облысындағы су айдындарының басым бөлігі шомылу үшін қауіпсіз емес. Облыс бойынша тек 8 рұқсат етілген орын бар. Осыған байланысты Сырым Шәріпханов жергілікті атқарушы органдардың назарын шомылу үшін қауіпсіз орындарды ұлғайту, оның ішінде баламалы стационарлық бассейндерді қарастыру қажеттігіне аударды.

«Абай облысы бойынша тек 8 рұқсат етілген орын анықталды, оның ішінде 4 коммуналдық жағажай Семей қаласында, Алакөл және Шошқалы көлінде. Әрине, бұл жергілікті тұрғындар мен туристер үшін жеткіліксіз», - деді.

Сондай-ақ, министр Бесқарағай ауданында екі өрт сөндіру бекетінің ашылатынын жеткізді. 2025 жылға дейін өңірде осындай тағы 14 бекет құру жоспарланған. Қосымша өрт сөндіру бөлімшелері жоқ елді мекендерде баламалы тәртіпте 150-ден астам ерікті құралым мен 50-ден астам өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді, олар қажетті техникамен және өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған.

Сонымен қатар, облыс тұрғындары көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Төтенше жағдайлар министрі өрт сөндіру техникасын жаңғырту, тікұшақ паркін құру, дала өрттерінің алдын алу үшін жедел орталықтар құру жайында  сұрақтарға жауап берді. Министр атап өткендей, биылғы жылы Жол картасында жаңа техникамен қамтамасыз ету, келешекте әр облыста бірнеше тікұшақпен жабдықтау мәселесі қарастырылған.

Кездесу азаматтарды жеке қабылдаумен, сондай-ақ БАҚ өкілдеріне арналған брифингпен аяқталды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив