Еңбекминінің қоғамдық кеңесі еңбек даулары мен жанжалдарды шешу тәртібіндегі соңғы өзгерістерді қарады
Астанада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиналыс барысында еңбек дауларын шешу тәртібін жетілдіру бойынша ҚР Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер зерделенді.
Еңбекминінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Данат Нәбиев осы жылдың ақпан айында қабылданған өзгерістер туралы егжей-тегжейлі баяндап өтті. Ол жалпы өзгерістер келіссөздерді ұйымдастыру рәсімін жеңілдетуге, келісім комиссиялары мен еңбек төрелігі институтын күшейтуге, сондай-ақ еңбек дауларын шешудегі кәсіптік одақтардың рөліне бағытталғанын хабарлады.
«Келісім комиссиясының жұмысына қатысты бірқатар нормалар белгіленді: жұмыс берушіге жұмыскерді келісім комиссиясының жұмысы туралы келісіммен таныстыру және жиналыстар өткізу үшін қажетті жағдайлар жасау жөніндегі міндеттерді бекітуден бастап, жеке еңбек дауларын қарау кезінде келісім комиссиясын қалыптастыру тәртібі мен қызметін анықтауға дейін және т.б.», – деді ол.
Сондай-ақ келісім комиссиясының шешімін орындаудың ең ұзақ мерзімі (шешім шығарылған күннен бастап 1 ай) белгіленді, еңбек арбитражын құру мерзімі екі күнге дейін қысқартылды, оның құрамына әлеуметтік әріптестік тараптарының атынан өкілдік ететін үшжақты комиссиялардың мүшелері міндетті түрде енгізілуі тиіс.
Сонымен қатар, заңнамада еңбек арбитражы ұжымдық еңбек дауын қарау кезеңінде 50 жұмыскерден аспайтын бір сағаттық алдын алу ереуілін өткізуге, сондай-ақ ереуілді тек кәсіподақтар немесе сайланбалы өкілдер арқылы өткізуге құқықтар бекітілді.
Кеңесте енгізілген өзгерістер таныстырылып, Еңбекминінің даму жоспары мен Қоғамдық кеңес мүшелерінің басқа да мәселелері қаралды.