Жаз басталғалы Қазақстанға келген шетелдіктер саны 3 есе артты
еQonaq ақпараттық жүйесінің дерегі бойынша 1 маусым мен 23 шілде аралығында еліміздің қонақ үйлерінде 250 468 шетел азаматы тоқтаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 еседен артық. Былтыр осы кезеңде 77 645 шетелдік туристер отандық қонақ үйлерде демалған.
ТМД елдерінен келген туристер саны 180 мың немесе 72% құрады. Бір қызығы, өткен жылы дәл осы көрсеткіш 77% құраған. Яғни, алыс шетелден келген туристердің үлесі артып отыр.
Мәселен, Моңғолия – 11,6 есе (489-дан 5 683-ке дейін) Қытай – 8,5 есе (2 223/ 18 954), Үндістан – 4,7 есе (1 245/5 887), Оңтүстік Корея – 3,8 есе (939/3 585), Иран – 3,8 есе (237/897), Германия – 3 есе (1 659/5 054), АҚШ – 2,2 есе (1 237/2 761) өсті.
Шетелдік туристердің елімізде демалуға келетін басты бағыттары – бұл Алматы қаласы (1 маусым мен 23 шілде аралығында – 77 308 турист), Астана қаласы (38 463 турист), Алматы облысы (19 049 турист) және Маңғыстау облысы (15 062 турист).