Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.55 524.28 4.75

Қорғаныс министрлігінде Әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасының жобасы талқыланды

4-08-2023, 11:29 Думан Кенжеғазыұлы

Жиын Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдиновтың басшылығымен бейнеконференцбайланыс режимінде өтті. Оған мемлекеттік органдардың, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстар әкімдіктерінің, сонымен қатар қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылдың мамыр айындағы Бүкілармиялық кеңесте қойған міндеттеріне тоқталды. Ел Президенті жастарды тәрбиелеу ісінде аға буын тәлімін пайдалану қажеттігіне зер салып, 2030 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. 

– Адамгершілік қасиеттер және рухани құндылықтар – біздің жас ұрпаққа қажет дүние. Осыған байланысты жастармен жұмыс істеудің қолданыстағы құралдарын өзгерте отырып, патриоттық тәрбие беру тәсілдерін айтарлықтай түзету қажет, – деп министрдің орынбасары.

Генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов кеңеске қатысушыларды Қарулы күштердің оң имиджін қалыптастыруға және жастардың әскери борышын орындауға уәждемесін арттыруға бағытталған Қорғаныс министрлігінің (АТТ) ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысынан хабардар етті. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бірінші жартыжылдықта мұндай жұмыспен Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында 12 мыңнан астам адам қамтылған.  

Министрдің орынбасары Қостанай, Қызылорда және Ақмола облыстарының басшылығына АТТ жұмысы барысында іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Ол сонымен қатар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің осы бағыттағы оң тәжірибесін атап өтті. 

Кеңесте орта оқу орындарындағы алғашқы әскери-техникалық даярлықтың (АӘТД) сапасына, олардың материалдық-техникалық базасының жай-күйіне, алғашқы әскери даярлықпен айналысатын кадрлардың құзыреттілігіне ерекше назар аударылды. Бұл жұмысты жүйелеу және әскери-патриоттық тәрбие субъектілерін құру ұсынылды. 

Өңірлердің осы бағыттағы тиімді қызметінің бағалау критерийлерінің бірі жергілікті атқарушы органдардың, ардагерлер ұйымдарының, әскери-техникалық мектептердің, колледждердің, жоғары оқу орындары әскери кафедраларының, әскери бөлімдердің және қоғамдық ұйымдардың жұмысы болуға тиіс. 

Әскери-патриоттық жұмысты ұйымдастыру туралы Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау облыстары әкімдерінің орынбасарлары – Мейрамбек Шермағамбетов, Қанат Құлжанов, Ғалымжан Құсманғали баяндама жасады. «Жастар ассамблеясы» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев өз жұмысының ерекшеліктері туралы айтып берді. 

Кеңеске қатысушылар 2030 жылға дейінгі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасының жобасын талқылады. Оны талқылау қорытындысы бойынша ведомствоаралық комиссия құру ұсынылды. 

Құрылған жұмыс органы жастарды патриоттық тәрбиелеу мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді жалғастырады. Алғашқы әскери дайындық қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізе отырып, АӘТД оқытушыларына қойылатын біліктілік талаптары нақтыланатын болады. Қазақ халқының батырлық тарихын, Ұлы Отан соғысы мен ұрыс іс-қимылдарына қатысушыларды, әскери кәсіпте, спортта, мәдениетте және басқа да қызметте жетістікке жеткен замандастарын дәріптеу жөніндегі жұмысқа жіті назар аударылмақ.

Жергілікті атқарушы органдарға ардагерлер ұйымдарын, әскери кафедраларды, әскери-техникалық мектептер мен еріктілерді жұмысқа тарту және олардың әлеуетін пайдалану ұсынылды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив