Әскери госпиталь «Ашық есік» күнін ұйымдастырды
Семей қаласының әскери госпиталі «Ашық есік» күнін ұйымдастырды. Шараға Семей медицина университетінің студенттері қатысты. Жоғары білім алушылар алдымен мекемедегі заманауи медициналық техникамен танысса, әрімен қарай госпиталде ем қабылдаушылармен тілдесіп, хал-жағдайларын сұрасты. Мекеме қызметкерлері болашақ дәрігерлермен пікір алмасып, жинаған тәжірибелерімен бөлісті.
Семей қаласының әскери госпиталінде 85 керует-орын бар. Қабырғасы 1970 жылы қаланған медициналық нысан алғашында 100 науқасты қабылдайтын мүмкіндікке ие болған. Денсаулық сақтау нысанында біліктілігі жоғары арнайы мамандар қызмет етеді
Жүзге жуық медициналық қызметші қызмет атқаратын госпиталдің тыныс-тіршілігі студенттер қауымын баурап алғандай. Алдағы уақытта әскери ақ халатты атану – кейбір келушінің түбегейлі мақсатына айналды. Дәл осындай «Ашық есік» күні тағы бір мәрте жүзеге асып жатса, бұндай іс-шараға асыға қатысуға дайынбыз деп тарқасты олар.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі