«Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына 4,6 мыңнан астам шағын несие берілді
Орталық мемлекеттік органдар мен экономика институттарының сарапшылары Орталық коммуникациялар қызметінінің алаңында кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтты.
Ауылдағы бизнесті дамыту мәселелеріне арнайы бөлім арналды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысы туралы айтып берді. Бүгінгі таңда жобаға қатысу үшін ауыл тұрғындарынан 73 млрд теңгеге 12 мыңнан астам өтінім қабылданды, оның ішінде 25 млрд теңгеге 4,6 мың шағын несие берілді.
Айта кетейік, биыл жеңілдетілген шағын несиелеуге 100 млрд теңге бөлінді. Несиелеу мерзімі - 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін - 7 жылға дейін. Қарыздың ең көп сомасы - 2,5 мың АЕК, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін-8 мың АЕК дейін деп белгіленген. Сыйақы мөлшерлемесі 2,5%. Бұл шаралардың барлығы ауылдық елді мекендерде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді.
АШМ өкілдері қажеттілік туындаса, министрлік бюджетті нақтылау кезінде қосымша қаражат бөлу туралы ұсыныспен шығатынын айтты. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бағдарламаны іске асыруға 2029 жылға дейін 1 трлн теңгеге дейін қаржы бөлу жоспарланып отыр.
АШМ алдағы уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландырылып, жұмыс істеп бастаған ауыл тұрғындарының табысты бизнес-жобалары туралы егжей-тегжейлі баяндайтын болады.
Ауыл тұрғындарына, оның ішінде ауыл шаруашылығымен айналысатындарға арналған басқа да несиелеу бағдарламалары туралы сұраққа сарапшылар лизингке жемшөп дайындау техникасын сатып алу мүмкіндігі бар екенін айтты. 2023 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ жемшөп дайындау техникасы мен суарудың мобильді жүйелерін сатып алу және лизингке беру үшін 20 млрд теңге бөлді. Бұл ретте жылдық сыйақы мөлшерлемесі небәрі 6% құрайды. Лизинг мерзімі 10 жылға дейін, ал аванс техника құнының 15%-нан басталады деп белгіленді.