Роман Скляр инвестициялық штабтың кезекті отырысын өткізді
Жұма, 25 тамызда, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Инвестициялық штабтың кезекті отырысын өткізді, онда инвестиция тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың ағымдағы мәселелері қаралды.
Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов министрліктің инвестиция тарту және өзі жетекшілік ететін инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып берді. Мәселен, өткен жылы министрлік 2026 жылға қарай отын-энергетика кешеніне негізгі капиталға инвестиция көлемін 2 есе (9 414 млрд теңге) арттыру міндетін қойды. Биылғы жеті айда бұл салаға құйылған инвестиция көлемі жоспарланған 2 606 млрд теңгенің орнына 2 615 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы аясында 5 жыл ішінде энергетика саласында 66 жобаны іске асыру көзделген, олардың ішінде 2023 жылы 2 600 млрд теңге сомасына 22 жоба іске асырылатын болады. Бұл ретте 2026 жылға қарай 14 759 млрд теңге сомасына инвестициялар тарту жоспарланып отыр.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов қазіргі уақытта KAZAKH INVEST және АХҚО негізінде құрылған Task Force бөлімшесінің стратегиялық инвестициялық жобаларының жалпы құны $13 млрд-тан асатын 70 жобаны құрайтынын айтты. ҚР СІМ жоспарлары бойынша осы жылдың соңына дейін төрт инвестициялық келісімге қол қою жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта екі Келісім жасалды.
«Бүгінгі таңда экономиканың түрлі салаларында, соның ішінде өңдеу өнеркәсібінде Инвестициялық келісімдер жасауға ресми түрде 6 өтінім берілді. Бұл жобалар бойынша құжаттардың толық пакеті ұсынылды. Тағы 17 жоба – өтінімдер мен Келісімдерді әзірлеу сатысында. Біз бұл жобаларды қолдау бойынша жұмысты жалғастырамыз», – деп түйіндеді сөзін Мейіржан Юсупов.
Отырысты қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр уәкілетті органдарға нақты тапсырмалар беріп, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асырудың маңызын және инвестиция тарту бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.