Cемей26°С
Ауа-райы
  • Абай14°С
  • Аягөз17°С
  • Ақсуат16°С
  • Бородулиха18°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар17°С
478.93 534.96 5.16

Семейде ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының Жалпы жиналысы өтті

28-08-2023, 15:00 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысының орталығы Семей қаласында Әлихан Бөкейхан Университетінде Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығы Жалпы жиналысының отырысы өтті. 

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарының өкілдері, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының Президенті Рахман Алшанов және еліміздегі жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беруді жетілдіру,  заман талабына сай адами капиталды дамыту және университеттердің үшінші миссиясын жүзеге асыру мәселелерін талқылау.

Отырыс барысында Саясат Нұрбек Жоғары оқу орындары қауымдастығының бұған дейінгі отырыстарында талқыланған көкейкесті мәселелердің шешілу барысы туралы баяндап, еліміздегі жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру жүйесін дамытудағы алға қойылған міндеттері туралы айтты.

«Бүгінгі күннің басты талабы - сапалы мамандар даярлау екендігі бәрімізге белгілі. Сол себепті баршамыз ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім мен ғылымды дамыту бағытындағы тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға жұмылуымыз қажет. Енді кезекте сан қумай, сапалы маман даярлау талабы күшейеді. Осы бағытта жұмыла жұмыс атқаруымыз керек» - деп сөзін қорытындылады министр.

Жалпы жиналыста ректорлар жоғары оқу орындарының өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы орны, халықаралық әріптестік тәжірибелері мен білім беру бағдарламаларын дамытудағы стратегиялық міндеттер туралы баяндамалар тыңдап, жоғары білім беру жүйесін жетілдіруге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Өз сөзінде Әлихан Бөкейхан университетінің ректоры Шырын Құрманбаева қазіргі уақытта министрлік жекеменшік оқу орындарына барлық жағдай жасалып, мемлекеттік тапсырыс оқу орындары арасында әділ бөлініп жатқанын жеткізді.

«Министрлік құрылғалы бізді қолдап жатыр. Ең қуантарлығы – мемлекеттік органның оқу орындарының мұң-мұқтажын ести алатындығы. Ұсыныстарымызды қабылдап жатқанына алғысымыз зор» - деді өз сөзінде Университет ректоры.

Қауымдастықтың Жалпы жиналысы соңында еліміздегі академиялық білім беру жүйесін дамыту, нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру, халықаралық байланыстарды дамыту және өңірлерді сапалы кадрлармен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері туралы қарар қабылдады.

Жалпы жиналыс жұмысының соңында қатысушыларға Әлихан Бөкейхан Университетінің «Abai IT-Valley» технологиялық кластерінің жобалары таныстырылып, Университеттің жаңа Студенттер Үйі мен Әскери кафедрасына экскурсиялар ұйымдастырылды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив