Мемлекет басшысы Албания Президентімен келіссөз жүргізді
«Ақорда» резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Албания Президенті Байрам Бегайды қарсы алу рәсімі өтті.
Екі ел басшыларына Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң, Қазақстан мен Албанияның мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Байрам Бегай бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Содан кейін Қазақстан мен Албания президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруын қабыл алып, Қазақстан астанасына келгені үшін Албания Президентіне алғыс айтты.
– Бұл – тарихта Албания Президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы сапары. Сіздің ресми сапарыңыз өзара ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан Сіздің еліңізбен тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті. Біз екі тараптың мүддесіне сай келетін көптеген салада өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол деп санаймыз. Екі аптадан соң елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Сіздің сапарыңыздың осы айтулы датамен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар, – деді Президент.
Өз кезегінде Албания Президенті Байрам Бегай Астанаға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
– Қазақстанға сапармен келгенім үшін өте қуаныштымын. Арнайы шақырғаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Өзіңіз айтқандай, бұл сапар дипломатиялық байланыстарымыздың 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл біздің саяси қарым-қатынасымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Енді экономикалық ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер тауып, бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Сізді Албанияға сапармен келуге шақырамын, – деді Байрам Бегай.