ЕРДО қызметінде қаржылық бұзушылықтар анықталған жоқ
Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы (бұдан әрі – ЖАП) «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (бұдан әрі – ЕРДО) 2019-2022 жылдар кезеңіндегі қызметіне өткізген тексеру қорытындылары бойынша қаржылық бұзушылықтар анықталған жоқ.
ЕРДО негізгі міндеті – әлеуметтік-еңбек саласын ақпараттық-талдамалық сүйемелдеу және әдіснамалық қолдау.
Бүгінде компанияда зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қызметтер, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, еңбек қатынастары, халықтың көші-қоны салаларында мемлекеттік қызметтер көрсетуге бағытталған барлық ақпараттық жүйелердің әзірленуін, жаңғыртылуын және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін 200-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ, ЕРДО қызметкерлері ҚР бағдарламалық және стратегиялық құжаттары үшін негіз болатын әлеуметтік-еңбек саласын жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді.
ЕРДО квазимемлекеттік сектор компаниясына жатады. Бұл ретте 2022 жылдың қорытындысы бойынша компанияның қызметін қамтамасыз етуге, оның ішінде қызметкерлерге жалақы төлеуге арналған шығыстар өзін-өзі қаржыландыру есебінен 93% - ға және бюджет қаражаты есебінен 7% - ға жабылғанын атап өту қажет.
Бұдан басқа ЕРДО ақылы қызметтер көрсетуден түскен пайданы бюджеттің кіріс бөлігіне аудару арқылы ел экономикасының дамуына өз үлесін қосуда.
Мәселен, соңғы 4 жылда компания қаржы-шаруашылық қызметтің тұрақты оң нәтижесіне қол жеткізді және жалпы сомасы 8 млрд 398,9 млн теңгеге пайда тауып, оның 70%-ы немесе 5 млрд 928,6 млн теңгесі дивидендтер түрінде республикалық бюджетке аударылды.
Бұл көрсеткіштер ЕРДО қызметкерлерінің жұмысының нәтижесі болып табылады, олардың көпшілігі IT саласындағы жоғары білікті мамандар.
ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жұмыскерлердің өндіріс тиімділігі мен орындалатын жұмыстардың сапасын жоғарлатуға қызығушылығын арттыруды күшейту үшін жұмыс берушінің актісімен компания қызметкерлеріне сыйлықақы беру көзделген.
ЖАП аудиторларының негізгі ескертулері бұрын қызметкерлерге сыйақы беру жүйесінде жұмыс нәтижелері бойынша қандай да бір көрсеткіштердің болмауы болды.
ЕРДО басшысының 2023 жылғы 14 шілдедегі бұйрығымен Компанияның штаттық қызметкерлерінің қызметін бағалау ережесі бекітілді. Осылайша, ЖАП нұсқамасында көрсетілген тапсырмалар толық көлемде орындалды.