Зейнетақы төлемдеріңізді алу бойынша өз тәсіліңізді таңдаңыз
Қазақстандағы зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі салымшыларға (алушыларға) зейнетақы капиталын жоспарлауға және еңбек қызметі аяқталғаннан кейін өзінің материалдық жағынан қамсыз болуына барған сайын көбірек мүмкіндіктер жасауда. Активтерді басқару саласында да бәсекелес орта қалыптастырылуда. Салымшылар енді түрлі инвестициялық стратегиялар арасынан таңдау жасай отырып, жинақтарын өздері қалаған инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) аудара алады. Зейнетақы жинақтары жеткілікті болған жағдайда, оларды зейнеткерлік жасқа дейін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделуге пайдалануға болады. Ең көреген салымшылар (алушылар) өздерінің болашақ зейнетақыларын қалыптастыру кезінде жарналардың міндетті түрлеріне қосымша ерікті жарналарды да қосады.
Бүгінде БЖЗҚ салымшылары (алушылары) зейнетақымен қамсыздандырудың баламалы түрі - сақтандыру ұйымдары ұсынатын зейнетақы аннуитетінің арқасында түрлі төлем көздерін таңдай алады. Зейнетақы аннуитеті – бұл БЖЗҚ салымшыларына, зейнетақы жинақтары жеткілікті болған жағдайда, "зейнетақыны" белгіленген мерзімнен бұрын алуға мүмкіндік беретін қаржылық сақтандыру құралы. Ол басқа кіріс көздері болмауы әбден мүмкін еңбек қызметі аяқталғаннан кейін БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерімен қатар, зейнеткердің кез-келген қажеттіліктерін төлеуге арналған.
Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілігі сақтандыру ұйымымен жасалған зейнетақы аннуитеті шартының талаптарына сай айқындалады. Олармен зейнетақы жинақтарын аудару туралы шешім қабылдағанда мұқият танысуға кеңес береміз. Сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу кезінде салымшылардың зейнетақы жинақтары БЖЗҚ-дан таңдалған компанияға заңнамада белгіленген тәртіппен аударылады.
Зейнетақы аннуитеттерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2023 жылғы ақпанда заңнамаға өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес төлемдерді индекстеу мөлшерлемесінің ең төменгі мөлшері 5%-дан 7%-ға дейін, ал кірістілік мөлшерлемесінің ең жоғары мөлшері 6%-дан 9%-ға дейін ұлғайды. Сондай-ақ, жаңа өзгерістер шеңберінде мүгедектігі бар және зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы ескерілді.
Сонымен қатар, "кейінге қалдырылған" зейнетақы аннуитетін 45 жастан бастап пайдалануға болады. Бірақ ол бойынша төлемдерді 55 жастан бастап ала аласыз. Бұл ретте зиянды еңбек жағдайларында кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар адамдар мұндай аннуитетті 40 жастан бастап алып, 50 жастан бастап төлемдермен қамтамасыз етіле бастайды.
2022 жылдан бастап зейнетақымен қамсыздандырудың тағы бір құралы – бірлескен (немесе отбасылық) аннуитет пайда болды. Ерлі-зайыптылар мен жақын туыстар үшін бірлескен зейнетақы аннуитеті – бұл ресми зейнеткерлікке шығуды күтпестен жинақтарын біріктіруге және өмір бойы төлемдер алуға мүмкіндік беретін сақтандыру өнімі. Мысалы, егер бір жұбайында зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болса, ал екіншісінде артық болса, ерлі-зайыптылар бірлескен аннуитетті пайдалана алады.
Айта кетейік, егер салымшы барлық зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан сақтандыру компаниясына аударса және болашақта БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналары жүзеге асырылмайтын болса, онда зейнетақы жасына жеткен сәттен бастап Қордан төлемдер жүргізілмейді. БЖЗҚ-дағы шотында артық қаржысы бар қазақстандықтар болашақта сақтандырушыдан сақтандыру төлемін де, БЖЗҚ-дан зейнетақы да ала алады.
Аннуитет ерекшеліктері:
- зейнетақы төлемдерін ресми зейнет жасына толғанға дейін алу мүмкіндігі бар;
- төлемдер өмірінің соңына дейін, тіпті олардың сомасы сақтандыру ұйымына аударылған жинақ мөлшерінен асып кеткен жағдайда да жүргізіледі;
- жыл сайын зейнетақы мөлшері 7% пайызға индекстеліп отырады;
- сақтандыру төлемдерін алушы зейнетақы аннуитетін сатып алу кезінде жинақтардың меншік құқығын сақтандыру компаниясына береді, яғни ол оларды баламалы қажеттіліктерге пайдалана алмайды, басқа елге тұрақты тұруға көшкен кезде алып тастай алмайды, ол қайтыс болған жағдайда жинақтарды туыстары мұра ете алмайды. Алайда, зейнетақы аннуитеті шарты шеңберінде зейнетақы төлемдерінің кепілдендірілген кезеңін көздеуге болады. Оның барысында белгілі бір төлемдер алдымен алушыға, ал ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлерге аударылады. Осылайша, зейнетақы төлемдерін алушы өмірден озған жағдайда ай сайынғы төлемдер оның мұрагерлеріне кепілдік берілген мерзім аяқталғанға дейін жүзеге асырылады. Бұл жағдайда зейнетақы аннуитетін ресімдеу үшін ең төменгі сома көбірек болады.
- төлем мөлшерлері нақты белгіленген және алдын-ала айқын болады.
Зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аудару туралы шешім қабылдамас бұрын, зейнетақы алудың БЖЗҚ мен зейнетақы аннуитеті арқылы алуға болатын екі әдісін де мұқият талдауға кеңес береміз.
Шешім қабылдауда Қордан болашақта күтілетін зейнетақыны БЖЗҚ сайтындағы калькуляторда, сондай-ақ, салыстыру үшін зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтандыру ұйымынан ықтимал сақтандыру төлемін есептеу көмектесе алады.
2022 жылдың қараша айынан бастап отандастарымыз ақшаны сақтандыру компаниясынан БЖЗҚ-ға ішінара қайтаруға құқылы. Зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан тұлғалар ол жасалған күннен бастап кем дегенде екі жылдан кейін сақтандыру ұйымына Шарт талаптарын сақтандыру төлемдерінің мөлшерін азайту және ақшаны БЖЗҚ-ға қайтару бөлігінде өзгерту туралы өтінішпен жүгінуге құқылы. Бұл ретте сақтандыру ұйымында зейнетақы аннуитеті шартына өзгерістер енгізілген күні қолданыста болатын ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан 70%-дан төмен емес айлық сақтандыру төлемінің өмір бойы мөлшерін қамтамасыз ететін сома қалуға тиіс. Сақтандыру ұйымдары сақтанушы өтініш берген күннен бастап 20 күнтізбелік күн ішінде қайтарылуға жататын ақша сомасын БЖЗҚ-ға аударуға міндетті.
Егер жаңа статистика туралы айтатын болсақ, 2022 жылы сақтандыру ұйымдарына БЖЗҚ-дан 25,99 млрд теңге аударылды, салымшылар (алушылар) саны – 2 985. Бұл ретте сатып алу сомасын, яғни сақтандыру компаниясы шартты мерзімінен бұрын бұзған кезде қайтаратын жинақтардың бір бөлігін қайтару бойынша 3,37 млрд теңге 493 салымшыға тиесілі болды.
2023 жылдың басынан бастап 2023 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымдарына аудару сомасы шамамен 5,96 млрд теңгені құрады. Сатып алу сомасын қайтару бойынша 3,43 млрд теңге берілді.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).