Еліміздің солтүстік өңірлеріндегі астық өндірушілерге қандай көмек көрсетіледі
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанына қатысты өзекті мәселелер қаралды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биыл дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау алаңы 17,3 млн га құрағанын баяндады. Бүгінгі таңда республика бойынша 6,9 млн га егіннің 40%-ы жиналды. Орташа өнімділік – 9,5 ц/га, 6,6 млн тонна астық бастырылды. Өткен жылы дәл осы кезеңде астықтың 11,6 млн га немесе 72,8%-ы жиналған болатын.
Бұл ретте егін науқаны оңтайлы ауыл шаруашылығы жағдайында өткені, жазғы ауа-райы елдің басым бөлігінде қалыпты болғаны атап өтілді. Егін жинау алдында техниканың дайындығы 100%-ға қамтамасыз етіліп, жеңілдетілген ЖЖМ жөнелту белгіленген мерзімде басталды. Сонымен қатар негізгі астықты аймақтарда 3 аптадан астам уақытқа созылған жауын-шашын салдарынан жаңа өнім сапасының нашарлауы және астықтың өніп кетуіне, сондай-ақ жалпы дәнді дақылдар түсімінің төмен болуына әкелді.
Ауа-райының қолайсыздығынан зардап шеккен барлық өңірлерде бүкіл мүдделі органдар мен ұйымдарды қоса отырып, зардаптардың ауқымын анықтау үшін жұмыс комиссиялары құрылды. Бүгінде барлық зардап шеккен өңірлерге сапар жасалып, егін жинау жұмыстарының барысына талдау жүргізілді. Әкімдіктердің мәліметі бойынша, алқапта өскен астық 2,7 млн га, бұл жалпы егін жинау алаңының 15%-ын құрайды. Қазіргі уақытта барлық өңірлерде техникалар егіс алқабына жаппай шықты, орақ жұмыстары жалғасып жатыр.
Негізгі астықты өңірлердегі жағдай туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов және Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов баяндама жасады.
Премьер-Министр егін жинау науқанының барысы Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, биылғы жыл еліміздің егіншілері үшін қолайсыз болды. Жаздың 2 айындағы аптап ыстықтың соңы күзгі жауын-шашынға ұласты. Бұл әрине, астықтың түсімін азайтып, жұмыс қарқынын едәуір бәсеңдетіп жіберді. Дегенмен, егін жинау науқанын қаржылай және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. Астықты өңірлерде осы айдың соңына дейін қатты жаңбыр жауады деген болжам жоқ. Сондықтан, осы мерзім ішінде барынша үлгеріп қалу керек», — деді Әлихан Смайылов.
Ол еліміздің солтүстік өңірлеріндегі ауа-райының қолайсыздығына байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке астық өндіретін фермерлер мен шаруа қожалықтарына қажетті көмек көрсетуді тапсырғанын еске салды.
«Энергетика министрлігі астықты кептіру үшін қосымша көлемде дизель отынын бөлетін болады. «Бәйтерек» холдингі несиелер бойынша қарыздарды қайта құрылымдап, қолайсыз ауа-райынан зардап шеккен фермерлер үшін айыппұл санкцияларын салмай, Азық-түлік корпорациясының желісі арқылы тауарлық несие мерзімдерін ұзартып отыр. Ауа-райының қолайсыздығы форс-мажорлық жағдай ретінде танылуы тиіс. Субсидияларды толық көлемде төлеу керек», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Үкімет басшысы астық қабылдау пункттерімен және астықты кептірумен айналысатын кәсіпорындармен тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз етуіін талап етті. Бұл ретте ол тарифтердің көтерілуіне жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар Премьер-Министр астықты кептіру үшін бір литрі 250 теңгеден аспайтын бағамен қосымша көлемде дизель отынын бөлуді қамтамасыз етуді, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау үшін қосымша қаражат бөлу жұмыстарын жүргізуді, атап айтқанда, Биылғы азық-түліктік және жемдік астықты тікелей сатып алу үшін Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталын ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды.
«Біз бүгін Жамбыл облысының шаруаларына шығынды өтеу үшін Үкімет резервінен қаржы бөлу туралы қаулы қабылдаймыз. Қаржы министрлігі мен өңір әкімдігі облыстың зардап шеккен егіншілеріне төлемдердің тез арада бөлінуін қамтамасыз етуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр астық таситын вагондармен уақтылы қамтамасыз етіп, теміржолдағы ұзын-сонар кезекті болдырмауды талап етті.
«Біздің міндетіміз – егінді сапалы жинап алуды қамтамасыз ету», — деп түйіндеді ол сөзін.