Мәжілісте табиғи апаттың алдын-алу мәселелері талқыланды
Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің «Азаматтық қорғау туралы» тақырыпта кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин жетекшілік етті.
Отырысты ашқан Еділ Жаңбыршин Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында табиғи және техногендік апаттар дәуіріне аяқ басқанымыз туралы бірнеше рет атап өткеніне назар аударды.
Жиында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Азаматтық қорғау саласындағы 2023 - 2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспары бекітілгенін, оның шеңберінде табиғат қорғау және орман мекемелерін, Төтенше жағдайлар министрлігінің материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейін нығайту жоспарланып отырғанын айтты.
Сонымен қатар Сырым Шәріпханов өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері өткір мәселелердің бірі екенін, жақында 5 кеншінің өмірін қиған «Қазақстан» АрселорМиттал шахтасында жұмыс берушінің кінәсінен болған қайғылы оқиға және «Саран» шахтасындағы өрт осы салада түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігін растағанын айтып, Үкіметтен тиісті қолдау тапқанын жеткізді. Осыған байланысты министр нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажеттігіне назар аударды.
Жиын барысында Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министрі Бауыржан Сыздықов, Ерлан Нұрпейісов сөз сөйлеп, саладағы өзекті проблемаларды айтып, депутаттармен талқылады.
Отырысты қорытындылаған Еділ Жаңбыршин дүлей зілзалалар, авариялар мен апаттар болатынын, алайда алдын-алу шараларын қабылдау арқылы олардың кері әсерін айтарлықтай азайту мүмкін екенін атап өтіп, барлық өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауға дайын екеніне тоқталды.