Еңбекминінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу мәселелері талқыланды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде (бұдан әрі – Еңбекмині) Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті аумақтық департаменттерінің әдеп жөніндегі уәкілдеріне «Мемлекеттік қызметтегі әдеп жөніндегі уәкілдердің мінсіз әдеп пен адалдық қағидаттарын нығайтудағы рөлі» атты семинар-тренинг өтті.
Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері қатысты.
«Біз бүгін адал және ашық мемлекеттік басқаруды жетілдіру бойынша маңызды мәселелерді талқылау үшін жиналып отырмыз. Бұл әділетті қоғам құрудағы маңызды қадамдардың бірі», – деп атап өтті Еңбекмині Аппаратының басшысы Анархан Дүйсенова.
Семинар барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу мәселелері және мемлекеттік қызметшілердің жұмысындағы этикалық аспектілер талқыланды. Қатысушылар мемлекеттік қызметте ашықтық пен адалдықты нығайтуға көмектесетін үздік тәжірибелер мен әдістермен бөлісті.
«Біз түрлі ведомстволар арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы табысты күрестің және мемлекеттік сектордағы әдеп нормаларын нығайтудың кілті деп санаймыз», – деп атап өтті іс-шара соңында Еңбекминінің Әдеп жөніндегі уәкілі Өркен Алшынбаева.