Облыста Халықаралық қарттар күніне арналған түрлі мерекелік іс-шаралар өткізілуде. Атап айтқанда, Семей қаласында ардагерлер орталығы салтанатты түрде ашылды.
Орталықтың ашылуына Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты.
- Кез-келген мемлекеттің ең маңызды байлығы – адам. Әсіресе, әрқашан жастарымыздың ақылшысы, әрі жанашыры болып, даналығы мен тәжірибесін бөлісуші ардагерлер ерекше маңызға ие. Сондықтан, осындай ғимараттардың бой көтеруі біз үшін аса қажет. Ардагерлер орталығының ашылуы тек еңбек сіңірген қайраткерлердің өзара кездесуіне мүмкіндік жасап қана қоймай, өскелең ұрпақпен тәжірибе алмасуға үлкен септігін тигізеді, - деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты өскелең ұрпақ үшін ардагерлеріміздің өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері үлгі-өнеге болатындығын жеткізді.
- Біздің ардагерлеріміздің ең басты мақсаты – жастармен тәжірибе алмасу арқылы, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтау. Ертең Халықаралық қарттар күнін атап өтетін боламыз. Мереке қарсаңында мемлекеттік, облыстық, аудандық дәрежеде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық ардагерлерді мерекемен құттықтаймын. Баршамызға бейбітшілік пен келісім, ал қазыналы қарттарымызға амандық тілеймін. Біз бәріміз халқымыздың игілігі үшін адал қызмет етеміз, - деп атап өтті Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Ардагерлер орталығының салтанатты ашылуынан кейін мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Аталмыш басқосуда ардагерлер Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың алғыс хаттарымен марапатталды.
Облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков ардагерлер мен зейнеткерлерге құрмет көрсету – қазақстандық қоғамның маңызды бөлігі екенін атап өтті.
- Халықаралық қарттар күні қарсаңында Сіздерді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың атынан құттықтаймын. Біз үшін сіздердің өнегеге толы өмір жолдарыңыз, баталы сөздеріңіз бен құнды ақыл-кеңестеріңіз аса қымбат. Бүгін сіздер үшін арнайы бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Ардагерлер орталығының ашылуында болғандарыңызға алғысымды білдіремін. Бақтықожа Ізмұхамбетовтың мерекеге арнайы қатысуы - қастерлі өңірдің ардагерлеріне үлкен құрмет, - деп атап өтті Шалқар Байбеков.
Сонымен қатар, ел дамуына елеулі еңбек сіңірген ардагерлерге Орталық ардагерлер кеңесінің «Құрмет» төсбелгісі табысталды. Атап айтқанда, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Алмагүл Жұмағұлова, Жарма ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Есболов, композитор Арғынбек Ахметжанов және ақын Аймұхамбет Бейсенбеков жоғары марапатқа ие болды.
Мерекелік іс-шара соңында, Шалқар Байбеков Абай облысы әкімінің атынан ардагерлерге алғыс хаттар табыс етті. Сонымен қатар, қазыналы қарттарға шығармашылық ұжымдардың орындауындағы мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.