Сенаторлар палата отырысының күн тәртібін бекітті
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 12 қазан күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.
Палатаның алдағы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарайды. Бұл заң Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленді.
Құжат нормаларына сәйкес қаражат тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе баспана сатып алуға және білім алуға жұмсалады. Бұл ретте шетелде де білім алуға болатынын атап өткен жөн.
Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, мемлекеттік авиация, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылды. Бұл заң осы салада қазір қолданылып жүрген заңнаманы жетілдіруге арналған.
Сондай-ақ отырыс кезінде Мәжіліс қабылдаған заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты Комитеттеріне бөлініп берілді.
Суретті түсірген: Н. Байбулин