Ұлттық ұланның авиациясы Ауғанстанға көмек көрсетеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ауғанстан Ислам Әмірлігіндегі жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін күштік ведомстволардың өкілдері, оның ішінде ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшілері жіберіледі.
Естеріңізге сала кетейік, 7 қазанда Ауғанстанның Герат провинциясында 5,5-тен 6,3 балға дейінгі әртүрлі магнитудадағы жер сілкінісі болды. Зілзала салдарынан қаза тапқандар саны 2400-ден асты, 2 мыңға жуық ғимарат пен құрылыс қирады.
Достас халыққа көмек көрсетуден Қазақстанның Ұлттық ұланы да қалыс қалмады. Әрдайым жауынгерлік дайындықта болатын ұшу құрамы зардап шеккен мемлекетке гуманитарлық жүктерді жеткізуге белсенді ат салысады. Шымкент әуежайынан зардап шеккендерге табысталатын гуманитарлық көмекті әуе арқылы тасымалдау үшін Y8F200W бортының экипажы Герат қаласына бет алды. 8 адамнан тұратын экипажды тәжірибелі ұшқыш – борт командирі Құрманғали Топанов басқарады.
– Біздің экипаж бітімгершілік миссиясын орындайды. Біз жер сілкінісі кезінде зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетеміз. Астанадан, Шымкенттен медициналық бұйымдар мен дәрілік аппараттар жөнелтілді. Алматыдан шатырлар тиелді. Бізде осындай жүктерді шет елдерге тасымалдау бойынша тәжірибе бар. Биылғы ақпан айында Ұлттық ұлан авиациясы Сирия мен Түркияға гуманитарлық жүктерді жеткізуге жұмылдырылған. Жалпы, біз сол кезде 6 рейс жасадық. Гератқа дейінгі қазіргі ұшу шамамен 3 сағатты алады, ал қашықтық 1300 км-ді құрайды. Қойылған міндет орындалады. Гуманитарлық жүк Ауғанстанға жеткізіледі, – деді әуе кемесінің командирі Құрманғали Топанов.