Қытайда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және активтерді қайтару мәселелері талқыланды
Ағымдағы жылғы 17-18 қазан аралығында Агенттік делегациясы Бейжің қаласында өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастықтың III Форумы аясында жемқорлыққа қарсы форумға қатысты.
31 елдің делегаттары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде ынтымақтастықты нығайту және қатысушы елдердің жемқорлыққа қарсы ведомстволарының күш-жігерін біріктіру арқылы парасаттылықты қамтамасыз ету қағидаттарын, «Таза Жібек жолын» құру жөніндегі бастамаларды талқылады.
Агенттік Төрағасы Асхат Жұмағали Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі туралы хабардар етті.
Мәселен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасы бойынша халықаралық стандарттарды ескере отырып, заңнамалық деңгейде бағыныстылардың сыбайлас жемқорлығы үшін басшылардың дербес жауапкершілігі көзделген; сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын босату алынып тасталды; құқық қорғау органдарының қызметкерлері, судьялар, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдар үшін санкциялар қатаңдатылды.
Бұдан басқа, негізсіз байыту үшін шенеуніктердің жауапкершілігін көздейтін тетік енгізілді және жемқорлық туралы хабарлаған адамдарды қорғау жөніндегі шаралар күшейтілді.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар активтерді қайтару мәселелерін қарастырды.
Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен соңғы бір жарым жылда 857 млрд теңге сомасына мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды. Заңсыз активтерді қайтару жұмыстары жалғасуда.
Тиімділікті арттыру мақсатында шетелдік әріптестердің озық тәжірибесі зерттелуде.
Осыған байланысты, форум барысында Сауд Арабиясы, Гонконг, Сингапур, Египет сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволарының басшыларымен, сондай-ақ БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының атқарушы директоры Гада Валимен бірқатар екіжақты кездесулер өткізілді.
Сондай-ақ, Қазақстанның Антикоры жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және активтерді қайтару мәселелерін Қытайдың жемқорлыққа қарсы функциялары шоғырланған Мемлекеттік қадағалау комиссиясымен талқылады.
Ағымдағы жылдың қазан айының соңында Қытайдың мемлекеттік қадағалау комиссиясының басшылығы ведомствоаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайту үшін Қазақстанға баруды жоспарлап отыр.
Қазақстанның «Бір белдеу және бір жол» бастамасына қатысуы қатысушы елдер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізін қалайды.