Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
499.51 525.83 4.62

Президент Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференцияның пленарлық отырысына қатысты

23-10-2023, 12:00 Думан Кенжеғазыұлы

Қасым-Жомарт Тоқаев Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі Алматы декларациясының қабылданғанына 45 жыл және Астана декларациясына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған жаһандық конференцияның пленарлық отырысына қатысты.

Мемлекет басшысы конференция қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, денсаулық сақтау және медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетудің халықаралық жүйесін жетілдіру ісінде Алматы және Астана декларацияларының маңызы зор екенін атап өтті.

– Осыдан 45 жыл бұрын медициналық-санитариялық алғашқы көмектің әлеуметтік тұрғыда әділетті моделіне негіз болған Алматы декларациясы қабылданды. Бұл декларация әлемдік денсаулық сақтаудың Ұлы Хартиясына айналып, көптеген елдің халық денсаулығын жақсарту үшін шара қабылдауына, оны адамның іргелі құқығы ретінде мойындауына түрткі болды. Алматы декларациясы біраз елде ана мен бала өлімінің деңгейін жүйелі түрде төмендету, болжамды өмір сүру жасын ұзарту үшін шешуші рөл атқарды. Бүгінде көптеген елде ұлттық денсаулық сақтау жүйесі жолға қойылған. Онда медициналық-санитариялық алғашқы көмекке айрықша мән беріледі. Бұл бес жыл бұрын қол қойылған Астана декларациясында нақтыланады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, МСАК жүйесі эпидемияның алғашқы белгілерін анықтау және тосын сын-қатерлерге қарсы әрекет ету ісінде маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы қоғамдық денсаулық сақтау ұйымдары өздерінің орнықтылығын және туындаған жағдайға тез бейімделе алатынын көрсеткеніне назар аударды. Президент адамзаттың COVID пандемиясын еңсеруіне үлес қосқаны үшін барлық медицина қызметкеріне алғыс айтты.

Бұл ретте, Президенттің пікірінше, барлық ықтимал қауіп-қатерді ескере отырып, денсаулық сақтау жүйесі кез келген күрделі жағдайға әрдайым дайын болуы үшін оған қолдау көрсету керек. Ауру-сырқаудың белгілерін бастапқы кезеңінде анықтау және тосын сын-қатерлерге дер кезінде назар аудару үшін әлеуетті арттыра беру қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан шараларға арнайы тоқталды.

–  Елімізде барлық баланы профилактикалық медициналық тексеруден өткізу ісі жолға қойылған. Әрбір ірі елді мекенде жастардың денсаулық орталықтары жұмыс істейді деуге болады. Жыл сайын үш миллионға жуық ересек адам скрининг және кәсіби тексеру бағдарламасынан өтеді. Ауыл тұрғындарының медициналық қызмет алуына бірдей мүмкіндік жасау үшін біз бірқатар реформа жүргіздік. Нәтижесінде, 2018 жылдан бастап ауылдардағы алғашқы көмек көрсету пункттерінің саны 3 еседен астам көбейді. Сонымен қатар телемедицина және қашықтан мониторинг жасау сияқты цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бұл алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін айтарлықтай арттырады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзін қорытындылай келе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен Мемлекеттердің медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі коалициясын құруды ұсынды. Бұл бірлестік денсаулық сақтау және аурудың алдын алу қағидаттарын одан әрі ілгерілетуге, медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту жөніндегі бірлескен ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету саласын, жалпы денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуда жастарға зор сенім артатынын атап өтті. Мемлекет басшысы жастармен кездескен сайын спортпен шұғылданудың маңыздылығы туралы айтатынын еске салып, оларды еңбекқор және мақсаттарына адал болуға шақырды.

Сонымен қатар конференцияның пленарлық отырысында ДДҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДҰ-ның Еуропадағы өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюге, Земмельвайс медицина университетінің (Мажарстан) деканы Миклош Шочка, Торонто денсаулық сақтау жүйесі унверситеті МСАК Серіктестік кеңсесі жаһандық бөлімінің жетекшісі Кэтрин Руло сөз сөйледі.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив