Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

«Кітап-AMANAT» жобасы: оқырман мен баспагер арасында алтын көпір

23-10-2023, 14:59 Думан Кенжеғазыұлы

Республика күні қарсаңында «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалында «Кітап-AMANAT» жобасы аясында кітап орталығы ашылды. Осы арқылы партия отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттыруды, адамдарды оқуға ынталандыруды, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларға қолдау көрсетуді көздеп отыр.

Іс-шараға партиялықтармен қатар, баспагерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сөз басында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек бұл іс-шараның мәні мен маңызына тоқталды. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда кітап ісі еліміздегі идеологиялық жұмыстың басты бағыттарының бірі екенін ерекше атап өткен болатын. Осы орайда, партиямыздың әр филиалында кітап орталықтарын ашуды көздейтін жоба бастадық. Оның алғашқысы Алматы қаласында, партиямыздың Төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен ресми ашылып та үлгерді. Бұл жоба бірден екі игіліктің арнасын тоғыстырып отыр. Әуелгісі – руханияттың дамуына өлшеусіз үлес қосады, сонымен қатар отандық қаламгерлердің, ұлттық әдебиетіміз бен аударма ісінің дамуына септігін тигізеді»,  деді партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.

Осы орайда, «Қазақстан Республикасының баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар» қауымдастығы президентінің орынбасары, ақын Алмас Ахметбекұлы партия оқырман мен баспагер арасында алтын көпірге айналуды көздейтін маңызды қадам жасап жатқанын атап өтті.

«Кітап-AMANAT» жобасы «AMANAT» партиясының руханият мәселелері бойынша ең басты жобасы болып саналады. Енді біз баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қоғамымен   «AMANAT» партиясы арасында меморандумға қол қойдық. Баспа өнімдерін барынша қолдау және тарату мәселесін қолға алдық. Бұндай орталықтар алдағы уақытта барлық облыс орталықтарында іске қосылса, одан кейінгі жылдары аудан орталықтарында да ашылады деп ойлаймын», – деді ол. 

Өз кезегінде, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту ісінде мұндай бастамалардың маңызы зор екенін атап өтті.

«Тарлан тарихымызға, кітапқа деген құрмет әрдайым алдыңғы орында тұруы тиіс. Кітап – әрқашан жақсылыққа, жаңашылдыққа жетелейді. «AMANAT» партиясының бүгінгі бастамасын халық, соның ішінде зиялы қауым өкілдері өте жылы қабылдап жатыр. Әлемдегі барлық дамыған ел кітаптан, газет-журналдан қол үзген жоқ. Осындай ізгі қадамдар арқылы кітап оқуға деген ынтамыз арта түседі», – деді Дихан Қамзабекұлы.

Бұл ретте, қоғам қайраткері, партия ардагері Оразкүл Асанғазықызы мемлекеттік тілде жарық көретін кітаптар сатылымын арттыру мәселесін қозғады.

«Жастар кітап оқымайды деп кінә артуға болмайды. Сатып алатын кітап іздеп, ой-өрісін кеңейткісі келетін жастар қатары көбейіп келеді. Өкінішке қарай, қазақ тілінде жарық көрген кітаптар саны кітап дүкендерінде өте аз. Бұл – үлкен сын. Сондықтан бүгін «AMANAT» партиясы өте орынды  іс-шара өткізіп жатыр. Алдағы уақытта авторлар осы жерге келіп, оқырмандарымен жүздесіп, өз кітаптарын насихаттайды деп үміттенемін», – деді ол.   

Ал белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы осындай орталықтар ашу мәселесі бұған дейін де көп айтылып жүргенін атап өтті.

«Балаға кітап оқы деп айтудың қажеті жоқ. Кітап оқуға қажет жағдай жасау керек. Кезінде әкелеріміздің қойнында «Жұлдыз» журналы жүретін еді. Яғни, аға буынның кітап оқуына жағдай жасалды. Қазір де сондай жағдай жасауымыз керек», – деді ол. 

Партия бұл жұмысты алдағы уақытта белсенді жалғастырады. 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив