Сенаторлар еліміздің Жоғарғы Сотының басшылығымен кездесті
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау комитетінің депутаттары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының басшылығымен кездесті.
Жүздесу барысында еліміздің сот жүйесін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров кездесуді аша келіп, Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында сот жүйесін реформалауды жалғастыруды тапсырғанын және оның басты мақсаты заң үстемдігі мен сот төрелігін сапалы жүзеге асыруды қамтамасыз ету екенін атап өтті.
«Еліміздің Парламенті жүргізіліп жатқан реформаларға белсенді түрде қатысып келеді. Биылғы жылдың наурыз айында біз Президенттің сот жүйесін реформалау жөніндегі тапсырмаларын іске асыруды көздейтін заңдар топтамасын әзірлеп, қабылдадық. Қысқа мерзім ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Сенаттағы сот жүйесін реформалау жұмысының жаңа сипаты өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Осы уақытта сот жүйесін одан әрі дамытудың келешегі туралы жалпы түсінікке қол жетті. Соңғы жылдары біздің Жоғарғы Сотпен ынтымақтастығымыз арта түсті. Осы кезеңде жүргізілген реформалардың негізгі мәні азаматтардың соттарға деген сенімін арттыру болды», - деп атап өтті сенатор Бекназаров.
Еліміздің Жоғарғы Сотының өкілдері өз кезегінде сенаторларға жүргізіліп жатқан реформалардың тетіктері мен олардың нәтижелері туралы айтып берді.
Депутаттар кездесуді қорытындылай келіп, бұл бас қосу сот реформасы бойынша әзірленіп жатқан заңнамалық бастамалар топтамасына маңызды үлес қосатынына сенім білдірді.
Суретті түсірген: А. Байжұманов