«Жайлы мектеп» жобасына қатысатын өндіруші компанияларға арналған кесте
Ұлттық палатада «Жайлы мектеп» жобасына қатысатын құрылыс материалдарын өндірушілермен жиын өтті.
Шараға ҚР Білім, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, «Мемсараптама» РМК, ҚазҚСҒЗИ өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.
Үкіметтің «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына отандық өндірушілерді барынша тарту туралы тапсырмасына сәйкес «Атамекен» ҰКП және және «Samruk-Kazyna Construction» АҚ құрылыс және қасбетті қаптау материалдары, жиһаз өнімдері, жабдықтар, сорғы құрылғылар, есептеу аспаптары, желдету және электр-энергетикалық өнім жүйесін өндіретін компаниялармен өтетін жиындардың кестесін дайындады (кесте).
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин отандық тауар өндірушілердің «Жайлы мектеп» жобасына барынша қатысу қажет екенін айтты.
«Отандық компаниялардың өндірістік қуаты тапсырыс берушінің талаптарына сәтті сәйкес келетінін атап өту маңызды. Бұл бізге ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруға мүмкіндік береді. Жргілікті материалдарды пайдалану біз үшін басымдық екенін және жұмысымыздың бір бөлігі ретінде осы бастаманы белсенді түрде ілгерілетуді жалғастыратынымызды атап өттік. Бұл жергілікті инфрақұрылымды дамытуға және отандық өндірушілерді қолдауға жасалған маңызды қадам», – деді Ұлттық палата төрағасының орынбасары.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілі 2023 жылдан 2025 жылға дейін 360-қа жуық білім беру нысаны пайдалануға беру жоспарланғанын атап өтті. Бұл тарихи үлкен жұмыс көлемі болады.
«Құрылыс бойынша дирекция, оператор ретінде біз жергілікті тауар өндірушілерді және отандық материалдарды Ұлттық жобаға тартуға барынша мүдделіміз. Қазіргі міндет – жұмыс принципін түсіну, қуаттылықты, байланыс құралдарын анықтау, өңірлермен жұмыс істеу. Олардың өндірістік үлгілерін алу, оны кейіннен бюджеттік-инвестициялық жобада қолдану үшін Сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогы базасында бар-жоғын анықтау. Біз жұмыс істеуге дайынбыз», – деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Амангелді Сатаров.
ҚазҚСҒЗИ өнімдерінің анықтамалығына 7000-нан астам материал енгізілді. Қарашаның басында анықтамалықты жаңарту жүргізіледі.