Келер жылы «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылады
Бүгін ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске асыру барысы туралы баяндады.
Темірбеков өз сөзінің басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында:
«Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады» деп атап өткендігіне тоқталды.
Осы бастама шеңберінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары мемлекеттік органдар және ұйымдармен бірлесіп «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі – Заң) әзірлеу мен қабылдау бойынша жұмыс жүргізді.
Заңның негізгі мақсаты – ересек өмірге қадам басатын Қазақстан Республикасының өскелең ұрпағына елдің ұлттық байлығының бір бөлігін беру түрінде қолдау көрсету.
Осы бағдарламаның Қазақстан Республикасының Ұлттық қорында (бұдан әрі – Ұлттық қор) жинақталған жинақтарды пайдалану бойынша алғашқы тәжірибе болып табылатындығын, ал Ұлттық қордың инвестициялық кірістілігінің өзі оң және теріс мәндер арасында құбылатынын ескере отырып. Заңды әзірлеу кезінде жыл сайынғы есептеу жүргізу үшін Ұлттық қордың өткен 18 жылдағы орташаланған кірістілігін есепті жылға қарай пайдалану ұсынылды.
Осылайша 2024 жылы 18 жасқа дейінгі балаларға Ұлттық қордың 2005-2022 жылдардағы орташаланған кірістілігін ескере отырып қаражат есептелетін болады.
Бала 18 жасқа толғанға дейін есептелген қаражат іс жүзінде Ұлттық қорда сақталады және Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі инвестициялауды жалғастырады.
Ұлттық қорда жинақталған қаражатты пайдалану бала 18 жасқа толған кезде жүргiзiледі. Бұл жинақтар кәмелетке толған адамның ерекше меншігі болып табылады, ол қаражатты (білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға) қалай пайдалану керектігін өзі (дербес) шешеді.