Курчатовдағы әскери бөлімнің құрылғанына жарты ғасыр болды
Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімінің іргетасы 1977 жылдың 26 тамыздан бастап, 1978 жылдың 28 қазан аралығында қаланған. Құрылғанына жарты ғасырға жуық уақыт болған әскери бөлім 1994 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының барлық нысандарын күзетке алады. Сонымен қатар әскери бөлімнің жеке құрамы 2000 жылдың 29 шілде айында «Дегелең» аймағындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Ядролық Орталығы мамандарымен жүргізілген жарылыс жұмыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
Әскери бөлімде сарбаздар соңғы рет 1997-1999 жылдар аралығында қызмет еткен. Кейінірек жауынгерлік қызметті офицерлер мен келісімшарт бойынша қызметшілер атқарып келіпті. Ал, өткен жылы әскери бөлім араға жиырма үш жыл салып жас шақырылымдарды салтанатты түрде қарсы алды. Жас толым Отан алдындағы парызын аса маңызды стратегиялық аймақта өткеріп жатқандығын мақтан тұтады. Мерзімді қызметтің сарбаздары легін қайта қабылдаған әскери бөлім тоқсан орынға арналған жаңа казармамен қамтылған. Бүгінгі таңда әскерилердің жағдайын жақсартып, материалдық-техникалық базасын нығайтуда елеулі істер атқарылуда.
Әскери нысан жыл сайын қазан айының 26 жұлдызы ресми түрде әскери бөлімінің құрылған күнін атап өтеді. Биыл да атаулы күнге орай әскери бөлімде салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерейлі мереке аясында жауынгерлік қызметте қырағылық танытқандар «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысы мен Курчатов қаласы әкімінің мадақтама қағаздарына ие болды. Мемлекет үшін аса маңызды стратегиялық аймақты қамтамасыз етуде әскери бөлімнің жеке құрамы жүктелген міндеттерді қалтқысыз абыроймен атқарып келеді.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі