Елордада ұлттық және өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті
«Қазіргі заманағы сын-қатерлер аясында ұлттық және өңірлік қауіпсіздік» тақырыбындағы ғылыми-теориялық конференцияны Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы ұйымдастырып отыр.
Аталған шараға Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының депутаттары, Конституциялық Соттың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, әскери жоғары оқу орындарының, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қоғамдастық өкілдері, сондай-ақ Қазақстанда аккредиттелген әскери атташелер қатысты.
Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы генерал-майор Жұмабек Ахметов Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың құттықтау сөзін жеткізді.
Онда «дөңгелек үстелге» жиналғандардың назарын аударатын мәселелердің өзектілігі атап өтілді.
Министрдің ғылыми форумға қатысушыларға жолдауында: «Әлеуметтік прогресті, экономикалық тұрақтылық пен әділеттілікті қамтамасыз ете отырып, біз халықты қорғау мен бейбіт болашақты қалыптастыру үшін берік негіз қалаймыз. Бүгінгі кездесу пікірлер мен тәжірибелер, әзірлемелер мен сындарлы ұсыныстар алмасу үшін жемісті алаңға айналып қана қоймай, келешектегі жұмысқа оң серпін беруі тиіс», – деп атап өтілген.
Конференция үш тақырыптық блок бойынша, оның ішінде «Әскери қатерлер», «Қазақстанның су қауіпсіздігі» және «Өңірдегі тұрақсыздықтың әлеуметтік-экономикалық факторлары» тақырыбында өтті.
Конференцияны ұйымдастырушылардың пікірінше, «қауіпсіздік» термині бүгінде киберкеңістік пен ақпараттық технологиялардан бастап табиғи ресурстар мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық үшін күреске дейінгі көптеген өмірлік салаларды қамтиды.
Еліміздің әскери доктринасында ақпараттық және психологиялық әсер әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі әсер етуі мүмкін факторларға жатқызылғанын атап өту керек. Бүгінгі таңда ақпараттық кеңістік қарсыласудың жаңа саласы ретінде қарастырылуы кездейсоқ емес.
Конференцияда аталған проблемаларға жан-жақты талдау жүргізіліп, ең өзекті сын-қатерлер анықталды және өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған ұсынымдар әзірленді.
Конференцияға қатысушылар қауіпсіздік қатерлеріне қарсы іс-қимылдың тиімді және тұрақты стратегияларын қалыптастыру үшін қауіпсіздік мәселелерін талқылауға өңірдің барлық елдерінің сараптамалық қоғамдастығын, кәсіби және ғылыми әлеуетін белсенді тарту қажеттігін атап өтті.