Абай облысында туризмді дамытудың әлеуеті зор
Бүгін ҚР Үкімет отырысында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірде туризмді дамытудың келешегі мен саланы қолдауға бағытталған жобалар жайлы баяндады.
2023 жылы Алакөл көлінің жағалауында жалпы сомасы 767 млн теңгеге 12 жоба іске асырылған.
«Алдын ала деректерге сүйенсек, өткен курорттық маусымның қорытындысы нәтижесінде Алакөл көлінің жағалауына шамамен 1 млн жуық адам келген. Қазіргі таңда бұл сандар нақтыланып жатыр», - деді Нұрлан Ұранхаев.
Сондай-ақ, бүгінде Алакөл жағалауындағы туристік аймақты дамытудың Жол картасы әзірленді.
Курорттық аймақтың тартымдылығын арттыру мақсатында және облысты дамытудың 2027 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаға арналған Кешенді жоспары шеңберінде Көктал ауылынан Қабанбай ауылына дейін ұзындығы 70 км 110кВ жоғары вольтты желі құрылысын жүргізу, 25 млрд теңге сомасына Алакөл жағалауын бекіту, жылына 30 мың қуаты бар Қабанбай ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу жоспарланған.
Бұдан бөлек, облыста мәдени-танымдық туризмге ерекше назар аударылған. Жыл басынан бері Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық мұражай-қорығына 14,5 мыңға жуық адам келген.
Бұл бағыттағы жұмыстар қатаң бақылауда екенін айта кеткен жөн.