Қазақстанда алдағы жылдары жалпы құны 32 трлн теңге болатын 970 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр — Әлихан Смайылов
ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысы шеңберінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов депутаттардың сауалдарына жауап бере отырып, таяу жылдарда ел экономикасын дамыту шаралары және Ұлттық қордан түсетін трансферттерді төмендету жөніндегі жоспарлар туралы айтты.
Үкімет басшысы 2024 жылы Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттердің көлемі 1,6 трлн теңгені құрайтынын атап өтті.
«Аталған қаражат әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар ол алдағы жылдары мемлекеттік бюджет кірісінің өсуіне байланысты нысаналы трансферттер көлемі азаятынын айтты.
«Ол үшін біз тиісті инвестицияларды тарту және экономиканың нақты секторын қаржыландыру мәселелерін шешетін боламыз. Атап айтқанда, бұл шағын және орта бизнесті, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауға қатысты», — деді Премьер-Министр.
Оның айтуынша, бүгінде Үкімет шикізаттық емес секторды қоса алғанда, жалпы құны 32 триллион теңгені құрайтын 970 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізуде.
Сонымен қатар «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша шаралар қабылданатын болады, бұл да ел экономикасының нақты секторын дамытуға оң әсерін тигізеді.
«Келесі жылы біз экономиканы 5,3%, одан әрі кемінде 6% деңгейінде өседі деп болжап отырмыз. Бюджет кірісін арттыру үшін экономиканы дамытуға, салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге және көлеңкелі экономикаға қарсы күреске баса назар аударамыз. Біз аталған мәселелердің барлығымен кешенді түрде айналысатын боламыз», — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.