Әлихан Смайылов Қазақстанның мемлекеттік бюджеті кірістерін ұлғайту қалай жоспарланып отырғанын айтты
Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен брифинг барысында мемлекеттік бюджет кірістерін арттыру бойынша жоспарланған шаралар туралы айтты.
Әлихан Смайылов атап өткендей, Үкімет алдында Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің мөлшерін азайту және оны келешек ұрпаққа сақтау міндеті тұр.
«Сондықтан мемлекеттік бюджеттің кірісін көбейту қажет. Біріншіден, бұл мақсатта кедендік және салықтық әкімшілендіруді цифрландыру шаралары қабылдануда. Екіншіден, біз көлеңкелі экономика деңгейін төмендету бойынша жұмыс істеп жатырмыз», — деді Премьер-Министр.
Оның айтуынша, тағы бір бағыт – салық мөлшерін, атап айтқанда ЖТС және ҚҚС арттыру.
«Қосылған құн салығына келетін болсақ, ол біріншіден импортталған тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Ал отандық тауарларға келетін болсақ, біздің шаруалар қосылған құн салығын төлемейді. Бұл орайда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін компаниялар 70% мөлшерінде жеңілдік алады. Бұл жеңілдіктер сақталады. Микро және шағын бизнес қосылған құн салығын төлеушілер қатарына кірмейді», — деді Әлихан Смайылов.
Сондақтан, отандық негізгі азық-түлік тауарларын өндірушілерге бұл ешқандай кері әсер етпейді. Сонымен қатар аталған шара республикалық бюджет кірістерін шамамен 2 трлн теңгеге арттыруға мүмкіндік береді.
«Онда біз, әрине, Ұлттық қордан тартылатын трансфертті осы көлемде азайтамыз», — деп түйіндеді сөзін Премьер-Министр.