Семейде «Burkit» фильмінің тұсаукесері өтті
Аса қауіпті қылмысқа жедел әрекет ететін арнайы жасақ туралы фильмнің Семей қаласындағы алғашқы көрсетіліміне жергілікті әскери шенділер, мектеп оқушылары, журналистер және қала тұрғындары қатысты.
Фильм бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында екі тілде көрсетіледі. Атыстармен апаттарға толы фильм экшн көріністеріне толы. Фильмнің негізі шынайы оқиғалардан алынған. Оған арнайы жасақ, әскери техника және авиация, сондай-ақ Ұлттық ұланның екі жүзден астам белсенді әскери қызметшілері түскен. Фильмнен Қазақстанның арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің негізгі қызметтерін байқауға болады. Түсірілім жұмыстары Алматы облысының көрікті жерлерінде, Есік көлінің тауларында және Іле өзенінде өткен.
Көркем фильм Қазақстанның Ішкі Істер Министрлігі, Қорғаныс министрлігі мен ҚР Ұлттық ұланның қолдауымен түсірілді. Олардың мақсаты – кейіпкерлер арқылы көреремендерге ар-намыс, Отанға деген сүйіспеншілік, әскери ант пен қызметтік борышқа деген адалдықты көрсету.
Көрсетілімде Абай облысының қоғамдық даму басқармасы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының және этносаралық қатынастарды мониторингілеу бөлімінің басшысы Олжас Соғымбай сөз сөйлеп, қазақстандықтарға жол тартқан фильмнің маңыздылығына тоқталды.
Айта кету керек, фильмнің түсірілімі 2022 жылдың күзінде өткен. Оған Голливудтан монтаж режиссері, үздік қазақстандық дрим-каст актерлері тартылған.