Cемей-8°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Өндірістік жарақаттану деңгейін 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы төмендетуге мүмкіндік береді

3-11-2023, 17:52 Думан Кенжеғазыұлы

Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын іске асыру мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасын әзірлеп, орталық мемлекеттік органдарға келісімдеуге жолдады. Тұжырымдаманы іске асыру жарақаттану деңгейін, еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар санын, еңбек жағдайлары зиянды әрі қауіпті жұмыс орындарының санын азайтуға септігін тигізбек.

Тұжырымдама жобасын әзірлеу үшін Еңбекмині жанындағы салалық ғылыми-зерттеу институтының базасында Жобалық кеңсе құрылды. Оның құрамына мүдделі мемлекеттік органдардан және әлеуметтік серіктестерден құралған 210 сарапшы маман кірді (45 – мемлекеттік органдардың өкілдері, 70 – жұмыс берушілердің өкілдері, 47 – қызметкерлердің өкілдері және 48 – еңбекті қорғау саласындағы сарапшылар).

Еліміздегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша проблемалық мәселелер мен еңбек әлеуетін сақтау саласындағы озық халықаралық тәжірибелерді талдау негізінде әзірленген Тұжырымдаманың жобасы кәсіби тәуекелдерді бағалау негізінде тәуекелдерге бағдарланған тәсілді немесе еңбекті қорғаудың барлық аспектілерін басқаруға бағытталған.

Тұжырымдама жобасы келесі бағыттар бойынша жұмыстарды көздейді.

  1. Кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша жұмыс орнын саралаудың 5 өлшемшарты: еңбек жағдайларының зияндылығын, жарақат алу қаупінің көрсеткішін, жабдықтардың қауіпсіздігін, жеке қорғану құралдарымен (бұдан әрі – ЖҚҚ) қамтамасыз етілуін және сырқаттанушылық деңгейін ескере отырып, кәсіптік тәуекелдерді интегралдық бағалаудың жаңа моделін енгізуді көздейді. Нәтижесінде еңбек жағдайлары тек кәсіпорындарда ғана емес, нақты жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелдердің дәрежесіне қарай жіктелетін болады.
  2. Белгілі бір жұмыс орнының кәсіптік тәуекел дәрежесіне негізделген жеке қорғаныс құралдарын таңдау. ЖҚҚ беру, оны таңдау нормалары бойынша салалық тәсілдерді және реттеуші саясатты үйлестіру жұмыстары жүзеге асырылатын болады.
  3. Сақтандыру тарифін кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша саралау, ол кәсіпорындағы және нақты жұмыс орнындағы кәсіптік тәуекел дәрежесіне байланысты түзету коэффициентін ескере отырып, сақтандыру тарифін әзірлеу мен белгілеуді қамтиды.
  4. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарға әлеуметтік кепілдіктердің түрлері мен көлемдерін кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша саралау – өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесін өзектендіруді, әлеуметтік кепілдіктердің түрлері мен көлемін айқындаудың жаңа тетігін, сондай-ақ проактивті тағайындауды әзірлеуді көздейді.
  5. Еңбекті қорғау саласында оқыту сапасын арттыру мен кәсіптік тәуекел дәрежесін ескере, құзыреттерді дамыту моделін енгізу. Оқыту және білімді тексеру рәсімдерін саралау және білімді тексеру бойынша онлайн платформа құру (білімді тексеруден өткенін куәландыратын сертификаттарды орталықтандырылған түрде беру, еңбекті қорғау мәселелері бойынша жауапты барлық адамдарды бірыңғай есепке алу) көзделеді.
  6. Еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылау мен статистикалық мониторингтің проактивті форматын енгізу тәуекелдерді басқару жүйесі мен кәсіпорындардың цифрлық картасы негізінде жүзеге асырылатын болады. Бұл платформа нақты уақыт режимінде республиканың барлық кәсіпорындарындағы еңбек жағдайларының жай-күйі бойынша жағдайды бақылауға мүмкіндік береді.

Тұжырымдама жобасының барлық новеллалары Қазақстанда жұмыскерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларына құқықтарын іске асыруды және ел экономикасында жұмыс істейтін еңбек ресурстарын үнемдеуді қамтамасыз ететін, еңбекті қорғауды басқарудың тәуекелге бағдарланған ұлттық жүйесін дамытуға бағытталған. 

Жобада белгіленген қағидаттар мен тәсілдерді іске асыру арқылы  2030 жылға қарай келесідей нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:

– 1000 қызметкерге шаққанда өндірістік жарақаттану жиілігінің коэффициентін 0,30-ға дейін төмендету (2022 жылы – 0,44);

- еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар санын анықталған еңбек заңнамасын бұзушылықтардың жалпы санына 23% - ға дейін төмендету (2022 жылы – 28%);

- зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарының санын азайту.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив