Қазақстан мен Ресей арасындағы теміржол көлігімен тасымалдау оң серпін көрсетіп отыр
Ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстан мен Ресей арасындағы теміржол көлігімен жүк тасымалының көлемі 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2% өсіп, 68,7 млн тоннаны құрады. Ресей Федерациясына 47% темір кені, 15% қара металл экспортталса, Ресей Федерациясы арқылы - химиялық заттар 32%, астық 57%, ұн 81%, химиялық және минералды тыңайтқыштар 2,3 есе, асбест 2 есе өсті.
Ресей – ҚХР – Ресей бағыты бойынша контейнерлік тасымалдар 2 есе ұлғайды. Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізінің Шығыс бағдары бойынша жүк тасымалы 1,5 есеге көбейді.
Бұл дәліз ЕАЭО мен Оңтүстік Азия, Шығыс Африка және Таяу Шығыс елдері арасындағы жүктерді тасымалдау үшін ең қысқа қашықтықты қамтамасыз етеді және экспорттық пен транзиттік тасымалдарды қамтамасыз ету әлеуетіне ие.
Екі ел теміржолшылары инфрақұрылымды жаңғырту, технологиялық процестерді жетілдіру, мемлекетаралық түйісу пункттерінің тиімділігін арттыру, кедергілерді жою және жүк жөнелтушілер үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша синхронды іс-шараларды қабылдайды.
«Тар жерлерді» жою және жүк ағынын одан әрі арттыру үшін Аягөз – Бақты жаңа теміржол желісін одан әрі салумен Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелін ашу жоспарлануда. Логистикалық жеткізу тізбегінің өзгеруі жағдайында ҚТЖ өз желісіндегі ең ауыр жүктелген маршруттардың өткізу қабілетін арттыруға ниетті. Үш жыл ішінде Достық – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал учаскелерінде және Алматы айналма жолында теміржол желілері салынады.