Қорғаныс ведомствосының алқа отырысында Қорғаныс министрі басым бағыттарды айқындады
Генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың басшылығымен өткен кеңейтілген алқа отырысында ел Қарулы күштерінің 2023 жылғы қызметі қорытындыланды.
Отырысқа министрліктің басшылық құрамы, Қарулы Күштер түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, әскер тектерінің қолбасшылары, әскери бөлімдердің, аумақтық қорғаныс бригадаларының командирлері, қорғаныс істері жөніндегі департаменттері мен әскери оқу орындарының бастықтары қатысты.
Министр қорғаныс ведомствосының барлық қызметі Жоғарғы Бас қолбасшы қойған міндеттерді орындауға бағытталғанын атап өтті. Армияны қару-жарақпен және техникамен жарақтандыру, әскери инфрақұрылымды салу және жөндеу, әскерлерді материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз ету жұмыстары іске асырылды.
Биыл қорғаныс ведомствосы Президенттің қатысуымен Бүкілармиялық кеңес пен «Батыл тойтарыс-2023» оқу-жаттығуларын өткізді, бұл ретте Мемлекет басшысы әскерлердің дайындық деңгейін жоғары бағалады.
Президенттің тапсырмасымен Әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасы әзірленіп, оның жеке бақылауымен әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесі мәселелері шешілуде.
– Биыл ұшқыштар құрамы мен жоғары оқу орындардағы азаматтық оқытушылардың жалақысы орта есеппен 60%-ға, сондай-ақ әскери дәрігерлердің жалақысы 40%-ға өсті, осылайша олар азаматтық сала медициналық мекемелердегі жалақы деңгейіне жеткізілді. 2024 жылдан бастап әскери атақтар үшін төленетін үстемеақыны 30%-ға көтеру көзделген. Барлық әскери қызметшілердің жалақысын көтеру мәселелері де пысықталып жатыр. Тұрғын үй төлемдерінің деңгейі ұдайы өсіп келеді, – деді өз сөзінде Қорғаныс министрі.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов бұдан бөлек басқару органдары мен сеніп тапсырылған бөлімшелер жұмысының сапасына назар аударды.
– Бөлімшелерді жеке құраммен толықтыру мәселелері шешуді талап етеді, офицерлер мен сержанттардың кәсіби деңгейін арттыру бойынша жұмыс істеу қажет. Бұл аспектілер әскери ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалға және құқықтық тәртіптің жай-күйіне тікелей әсер етеді. Қару-жарақ пен әскери техниканы жарамды және жауынгерлік әзірлікте ұстау, инфрақұрылымдық объектілерді күтіп ұстау мен оларға қызмет көрсетуді жетілдіру маңызды, – деп атап өтті ол.
Отырыста Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов есептік кезеңдегі әскерлердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығының жай-күйі туралы баяндады. Дәстүрлі және гибридті күрес әдістері кеңінен қолданылатын қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың ерекшеліктеріне тоқтала келіп, Қарулы күштер әскери агрессия жағдайында қарсыласқа оңтайлы қарсы тұруға әзір болуы керек екенін атап өтті.
Отырыс барысында Қорғаныс министрінің орынбасарлары өз бағыттары бойынша жұмыс нәтижелерін жеткізді. Олардың баяндамаларында әскери және құқықтық тәртіп, Қарулы күштерді техникалық, тылдық, медициналық қамтамасыз ету және пәтерлерді пайдалану мәселелері жан-жақты қамтылды.
Алқа қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі әскерлердің жауынгерлік қабілеті мен жауынгерлік әзірлігін одан әрі арттыру, оларды техникалық жарақтандыру, тылдық және моральдық-психологиялық жағдайды қамтамасыз ету жөнінде бірқатар міндеттер қойды. Әскери басқару жүйесін цифрландыру процесін жеделдету жеке тапсырылды.
Алқа отырысында басшылық құраммен оқу-әдістемелік жиынның қорытындысы шығарылды. Қарулы күштер арасындағы жауынгерлік жарыстың жеңімпазы атағын Әуе қорғанысы күштері алды. Әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтар арасында Десанттық-шабуыл әскерлері бірінші болса, екінші орынды – ӘШҚҚ әскерлері, үшінші орынды – Әскери-әуе күштері иеленді.
2023 оқу жылының қорытындысы бойынша қызметтегі жетістіктері үшін 18404 әскери бөлімінің командирі подполковник Алмас Төлегенов Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың төсбелгісі және кубокпен марапатталды.