Cемей-15°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
499.51 525.83 4.62

Президент Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровты қабылдады

13-11-2023, 17:04 Думан Кенжеғазыұлы

Мемлекет басшысына еліміздің биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын-ала нәтижелері туралы есеп берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2023 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 5 пайыз көлемінде болады деген болжам жасалып отырғаны жөнінде баяндалды. Бірінші жартыжылдықта шетелден тартылған тікелей инвестиция көлемі 13,3 миллиард долларға жетті. Жылдық инфляция 2 есе, яғни 10,8 пайызға дейін (ақпан айында 21,3 пайыз) төмендеді.

Әлібек Қуантыров жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 36,4 пайызға жеткенін мәлімдеді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі 28 триллион теңгеден асты. Бұл салада 4,3 миллион адам жұмыспен қамтылған. Биыл 9 мың жобаға субсидия берілді. Несиенің жалпы көлемі – 669 миллиард теңге.

Мемлекет басшысына бизнесті тексеру ісін 2 есе азайту үшін кәсіпкерлік саласына жаңа реттеу саясаты енгізілетіні туралы мәлімет берілді. Міндетті талаптар реестрі жасалып, сын-қатерлерді басқару жүйесі автоматтандырылады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің әзірлену барысы, сондай-ақ инвестициялық саясат, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту шаралары туралы айтылды.

Бұдан бөлек, Ұлттық экономика министрі «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде баяндады. Атап айтқанда, биыл 267 миллиард теңге инвестиция тарту, 5,8 мың шақырым желіні жөндеу, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің жалақысын 50 пайызға көтеру, желілердің тозу деңгейін 3,2 пайызға азайту жоспарланып отыр.

Президентке Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының іске асырылуы жайында мәлімет берілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы іске қосылғалы бері республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 7 есе артты. Биыл 771 ауылда 1,8 мың жобаны орындау жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, сондай-ақ реформаларды тиімді жүргізу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив