Отандық тауар өндірушілерге индустриялық немесе CT-KZ сертификаттарын алудың қажеті болмайды – Әлихан Смайылов
Астанада өтіп жатқан «Қазақстандық мазмұн 2.0» халықаралық форумы аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов отандық өндірушілерді қолдаудың жаңа шаралары туралы айтып берді.
Үкімет басшысы бизнес тарапынан бірқатар ұсыныс айтылғанын, олардың көбі Үкімет пен «Атамекен» ҰКП бірлескен жұмысының арқасында іске асырылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, бұл отандық өндірушілердің жер қойнауын пайдаланушылармен және басқа да ірі компаниялармен жасаған оффтейк-келісімшарттарын несиелер мен инвестициялар тарту үшін кепіл ретінде тануға қатысты.
«Біз бұл мәселені Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге пысықтадық. Квазимемлекеттік және BB- халықаралық рейтингі бар компаниялармен, сондай-ақ ірі жүйе құраушы кәсіпорындармен жасалған оффтейк-келісімшарттар несие үшін сенімді кепіл бола алады деген тиісті нормативтік шешім қабылданды. Мұның қалай болатынын көреміз. Әрі қарай осындай кепілдерді қолдану өрісін кеңейтеміз», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар, Үкімет басшысының айтуынша, стандартталмаған тауарларды биржалық саудадан толығымен алып тастау туралы шешім қабылданды. Бұл шешімнің қашан және қалай күшіне енетіні туралы ақпарат кейінірек БАҚ арқылы таратылатын болады.
Оған қоса Премьер-Министр қазақстандық өндірушінің мәртебесін растайтын CT-KZ және индустриялық сертификаттардың күшін жою жөніндегі жұмыс туралы айтты.
«Біз “Атамекен” ҰКП-мен бірлесіп, отандық өнім өндірушілердің бірыңғай тізілімі болады деген шешім қабылдадық. Ешқандай сертификат алудың қажеті болмайды. Өндірушілер мен олар шығаратын тауарлар туралы мәліметтер осы тізілімде онлайн түрде қолжетімді болады. Кез келген уақытта барлық мүдделі тұлға оған кіріп, қажетті ақпаратты ала алады. Осылайша, біз осы сертификаттарды беру тәжірибесін тоқтатамыз. Ақпарат барлық пайдаланушы үшін онлайн түрде тегін қолжетімді болады», — деді Әлихан Смайылов.
Шара барысында сөз алған Премьер-Министр бизнестің барлық сындарлы ұсынысы форум қорытындысы бойынша жинақталып, Үкіметтің одан арғы жұмысында пайдалану үшін жүйелендірілетінін атап өтті.
«Барлық қатысушыны өз ұсыныстарын айтуға шақырамын. Сіздермен бірге экономиканы, елімізді алға жылжыту үшін дұрыс шешімдер қабылдауға дайынбыз», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.