Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Астанада өткен форумда жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық тауар өндірушілер шамамен 38 млрд теңгенің оффтейк-келісімшарттарына қол қойды

16-11-2023, 12:00 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Астанада өтіп жатқан «Қазақстандық қамту 2.0» халықаралық форумына қатысты. Ауқымды іс-шара барысында жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық тауар өндірушілер жалпы құны 37 млрд 929 млн теңгені құрайтын шарттар мен оффтейк-келісімшарттарға қол қойды.

Шетелдік инвесторлардың және республиканың барлық өңірлерінен 2 мыңнан астам делегаттың қатысуымен өтіп жатқан форум шеңберінде ел экономикасы нақты секторының қажеттіліктері үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді локализациялауды кеңейту мүмкіндіктері, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануды, көмір өнеркәсібін, көлік және энергетика салаларын одан әрі дамыту перспективалары талқыланып жатыр.

Форумның пленарлық отырысы басталар алдында Үкімет басшысы «Өндірісті локализациялау бойынша отандық тауар өндірушілердің болашағы мен мүмкіндіктері» атты цифрлық көрмемен танысты. Онда қазақстандық машина жасау, жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің үздік үлгілері, құрылыс материалдары, химия индустриясы тауарлары, инженерлік коммуникациялар саласындағы озық шешімдер және т.б. ұсынылды. Көрмеде өңдеу өнеркәсібінің түрлі салаларында жұмыс істейтін барлығы 100-ден астам компания таныстырылды.

Премьер-Министр пленарлық сессияда сөйлеген сөзінде Қазақстан экономикасы соңғы жылдарда сыртқы жағдайларға бейімделгенін және тұрақты өсу жолына түскенін баса айтты. Атап айтқанда, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4,9%-ды құрады.

«Үкімет пен Ұлттық банктің іс-шаралары арқасында инфляция 10,8%-ға дейін, яғни 2 есеге баяулады. Алдымызда әрі қарай инфляцияны төмендету міндеті тұр. Тиісті шаралар кешені шеңберінде отандық өндіріс көлемін ұлғайту – негізгі бағыттарының бірі», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту және оны қолдау – Үкімет жұмысының негізгі бөлігі. Сондықтан бизнестің мәселелері Үкіметте «Атамекен» палатасымен бірлесе тұрақты түрде қаралып келеді.

«Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 36,4%-ға дейін ұлғайды. Осы секторда жұмыспен қамтылғандар саны биыл 14%-ға өсіп 4,3 млн адамды құрады», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Сонымен қатар республикада бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі іс-шаралар қабылдануда. Мәселен, бизнеске қойылатын артық талаптарды қысқарту үшін жаңа реттеуші саясат іске асырылуда. Қазірдің өзінде 9 мың артық талап қысқартылды. Жыл соңына дейін тағы 1 мыңы қысқарады.

«Тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру нәтижесінде 1 қаңтардан бастап тексерулер адами факторсыз тағайындалатын болады. Бұл, сонымен бірге, тексерулер санын 2 есеге қысқартады», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар салықтық әкімшілендіруді ары қарай дамыту үшін оны цифрландыру жұмыстары жалғасады. Шағын және орта бизнесті салықтық ынталандыру шеңберінде биылдан бастап 4% мөлшерлеме бойынша бөлшек салық режимі енгізілді. Бұл ретте микро және шағын бизнес үшін енбек ақы төлеу қорынан бірыңғай төлем бекітілді, және оның жүктемесі 20%-ға төмендетілді.

Бұдан басқа, ірі бизнес жаңа өндіру жобаларына инвестицияларды салуды ынталандыру үшін 5 жылға дейін пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босатылады.

«2025 жылдан бастап жаңа Салық кодексі іске қосылады. Онда барлық өңдеуші секторларының жаңа жобалары 3 жыл мерзімге салықтардан босатылады», — деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайылов бизнесті қаржыландыру мәселесі өте маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы тұрғыда даму институттарының рөлі ерекше.

Мәселен, «Бәйтерек» холдингі жыл басынан бері бизнеске 2,2 трлн теңгенің көлемінде қаржылық қолдау көрсетті. Соның ішінде, Қазақстан Даму банкі арқылы 314 млрд теңге бөлінді. Өнеркәсіпті дамыту қоры жалпы құны 195 млрд теңгеден асатын жобаларды қаржыландырды. Қосымша 300 млрд теңгенің жобалары бойынша жұмыс жалғасуда. «Даму» қоры арқылы 115 млрд теңгеге тікелей несиелер берілді. Бұл ретте, бөлінген субсидиялар мен кепілдіктер есебінен банктер бизнеске 930 млрд теңге несие берді.

«Мемлекет басшысы біздің алдымызға 3 жыл ішінде қазақстандық қамтуды 60%-ға дейін жеткізу бойынша нақты міндет қойды. Ол үшін қажетті әлеует пен ресурстар бар. Бұл, ең алдымен, импортқа тәуелділікті төмендетуді талап етеді», — деді Әлихан Смайылов.

Мысал ретінде Үкімет басшысы мұнай-газ саласын келтірді, онда сатып алулардың ең үлкен үлесі 3 ірі консорциумға тиесілі. Бұл – бүкіл энергетика саласындағы сатып алулардың 75%-ы.

«Жыл басынан бері сатып алулардың көлемі 3,5 трлн теңгені құрады, оның 1,9 трлн теңгесі – жергілікті қамту үлесіне беріліп отыр. Оның небәрі 9%-ы ғана тауарларға тиесілі», — деді Премьер-Министр.

Басқа салаларға тоқтала отырып, Үкімет басшысы тау-кен секторында сатып алынатын отандық тауарлардың үлесі 15%, машина жасауда 13,5%, фармацевтикада 20%-ды құрайтынын атап өтті.

«Сондықтан “Атамекен” ұлттық палатасының қатысуымен өндірушілер мен ірі кәсіпкерлер арасында іскерлік байланыстар орнату бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыру маңызды деп санаймыз. Бұл біздің ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуін дамытуға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр Үкімет республиканың барлық өңірінің орта бизнес өкілдерімен бірқатар кездесу өткізгенін айтты. Оларға жергілікті өндірісті ұйымдастыруға перспективалары жоғары өнеркәсіптік бағыттар ұсынылды.

«Ол үшін инвестициялық заңнамада мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Бизнес өкілдерін өндірістерді локализациялау үшін белсенді жұмыс жасауға шақырамыз», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының айтуынша, ірі кәсіпорындар өздерінің жергілікті қамтуды дамыту бағдарламаларын қабылдауы тиіс. Оның ішінде ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар жасасу негізгі құрал болуы керек.

Сонымен қатар Үкімет басшысы кадрлық қамтамасыз етуді күшейту мәселелеріне де тоқталып өтті.

«Біз шетелдік мамандарды алмастыратын өз кадрларымызды оқытуымыз қажет. Бұл тұрғыда ірі кәсіпорындарымыз оқу орындарына қамқорлық жасап, содан кейін түлектерді жұмысқа алуы керек», — деді Премьер-Министр.

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов қазақстандық қамтуды дамыту ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Осы мақсатта қаржы бөлініп, мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.

«Бизнес қолда бар барлық мүмкіндікті пайдалануы керек. Үкімет өз тарапынан, Сіздердің барлық ұсыныстарыңызды, ой-пікірлеріңізді ескеруге дайын», — деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар форум аясында отандық өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған келісімшарттарға қол қою рәсімі өтті. ERG, «Қазақмыс», «Қазмырыш», KAZ Minerals компаниялары сияқты ірі жер қойнауын пайдаланушылар мен қазақстандық өндірушілер арасында жалпы құны 37 млрд 929 млн теңге болатын оффтейк-келісімшарттар, ұзақ мерзімді шарттар мен меморандумдар жасалды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив