Қарулы күштердің әскери қызметшісі қарт әйел мен балалы отбасыны өрттен аман алып шықты
Семейде Өскемен гарнизоны әскери бөлімінің әскери қызметшісі аға лейтенант Самат Мәкенов өз өмірін қатерге тігіп, отқа оранған үйдің тұрғындарын құтқарып қалды.
Оқиға 11 қарашада орын алды. Әскери қызметшінің бұл ержүрек қимылы туралы құтқарылған азаматтардың ризашылығының арқасында бүгін ғана белгілі болып отыр. Сол күні түнгі он екі жарымда Самат жұбайымен бірге кинодан қайтып келе жатқан.
Герцен көшесіндегі үйлердің бірінің екінші қабатындағы өртті байқаған
әскери қызметші ширақ қимылдап, түтіндеп жатқан кіреберіске еніп, барлық пәтерлердің есігін қағу арқылы тұрғындарды оятады. Бұл кезде оның әйелі өрт сөндіру бөлімі мен жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалып үлгерген болатын.
Тұрғындар пәтерлерден асығыс шыға бастады. Тыныс алу үшін сыртқа шыққан Самат пәтерлердің бірінде қарт әйелдің қалып қойғанын байқайды. Ол қарияны терезеден шығарып алады.
Екінші қабаттан жылаған баланың дауысын естіген Самат өз өмірін қатерге тіге отырып, отқа оранған кіреберістен өтіп, өрт сөндірушілер келгенше отбасын жалынның ішінен аман алып шығады. Әскери қызметшінің уақытылы көмегінің арқасында жапа шеккендер жоқ.
Самат Мәкенов Абай облысы Көкпекті ауданы Луговое ауылында дүниеге келген. Педагогикалық университетті "Дене шынықтыру және спорт" мамандығы бойынша бітіргеннен кейін жаттықтырушы болып жұмыс істеді. Содан кейін мерзімді әскери қызметін өтеген. Бүгінде Самат Мәкенов Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімде қызмет өткеруде. Отбасында Әли атты ұл мен Айлин атты қыз тәрбиелеп отыр.
Самат бұл әрекетін батырлық деп санамайды. Менің орынымда болса, кез келген азамат қарап қалмас еді деп есептейді.
Өрт кезіндегі батыл, әрі шешуші әрекеті үшін аға лейтенант Самат Мәкенов марапатқа ұсынылды.