Мемлекеттік органдар 6,7 мың жемқорлық тәуекелдерін дербес анықтады
Жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау шеңберінде 6,7 мыңға жуық жемқорлық тәуекелдерін анықтап, оның ішінде 3,5 мыңын залалсыздандырған.
Ағымдағы жылдың 9 айында «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» ТББ-4 іске асыру нәтижелері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен мемлекеттік органдардың кеңесінде тыңдалды.
Осылайша, мемлекеттік органдар квазимемлекеттік сектор субъектілерінде жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен комплаенсті сақтау бойынша ағымдағы жылға арналған жобалар картасын іске асыру қорытындыларын шығарды.
Жамбыл облысы бойынша әкімдіктің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының кадр жұмысындағы жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау шеңберінде 2 млн теңгеден астам сомаға тәртіптік жазасы бар қызметкерлерге сыйлықақы төлеу фактілерін анықтады. Заңсыз төленген қаражат бюджетке қайтарылды.
Ақмола облысының әкімдігі ішкі талдау барысында мүдделер қақтығысы фактісін анықтады. Аудандық әкімдіктердің бірінің аппарат басшысы 2 жыл бойы ЖК-пен бір көзден шарт жасасқан, ал ол басшының жұбайы болған. Осы факті бойынша материалдар тексеру жүргізу үшін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға жіберілді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын сақтау» жобасы бойынша жақын туыстарының бірлескен жұмысының 1800-ден астам фактісі, мүдделер қақтығысы болған кезде лауазымдық міндеттерді жүзеге асырудың 122 фактісі, бұрын жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адамдарды жұмысқа қабылдаудың 12 фактісі, мемлекеттік функцияларды орындаумен сәйкес келмейтін қызметті жүзеге асыратын 10 адам анықталды.
Жалпы, ағымдағы жылдың 10 айында жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын бұзғаны үшін 179 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың 73 қызметкері, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің 16 қызметкері, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 23 басшысы және 66 жеке тұлға, сондай-ақ, 31 мемлекеттік органның басшысы бар.
Салынған айыппұл сомасы 54,8 млн теңгеден асады.