«Мифология әлемі» үстел ойыны авторлық құқыққа ие болды
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушылары мен пән мұғалімі кезекті авторлық құқыққа ие болды. Айзере Нұрбек пен Сенім Дүйсеновалар ұстаздары Ақбота Жайсаңбаевамен бірлесе отырып, «Мифология әлемі» үстел ойынын жасап шығарды.
1 жылға жуық уақыт жұмсалған еңбек жастардың қызығушылықтарын ескере отырып жасалған, қазақ әдебиетіне және фольклорына жаңа көзқарас енгізіп, түсінік қалыптастыратын жоба.
Жобаны ойлап табушылар елімізде бұрын-соңды мифология туралы үстел ойыны болмағандықтан туындыны шетелдік үстел ойындарын негізге ала отырып, қазақи нақышта, қазақ мифтері мен аңыздарының желісіне сәйкестендіріп құрастырған.
Жоба авторлары ойынды ойнау барысында әр қатысушының білім көкжиегі кеңейіп, төл әдебиетке, мифологияға және мифтік образдарға қатысты ақпараттарды тануға қызығушылықтары артатындығына сенімді. Ендігі мақсат – осы ойынды қаржылай қолдау тауып, қолданысқа енгізу.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі