Абай облысының оқушылары «виртуалды қазақ үй» жобасын жасады
Абай атындағы ММГИ 9-сынып оқушылары Мұратұлы Жанғасыр, Дулатұлы Айлат заман талабына сай етіп «VR қазақ үй» виртуалды жоба жасап шығарды. Көне жәдігерімізді бүгінгі өскелең ұрпаққа және өзге ұлт өкілдеріне дәріптеу мақсатында жасалған қазақ үйдің ішіне ену үшін арнайы виртуалды құрылғы - көзілдірік тағу керек.
Көзілдірік арқылы асық ату, садақ тарту ұлттық ойындарын ойнауға да болады. Сондай-ақ, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін заттарды көруге болады. Төрге ілінген қара домбыраны, қыздың жиған жүгіндей болған құрақ көрпелер, ұлттық оюмен өрнектелген сандықтарды көзілдірік арқылы жақыннан көріп, көзайым бола алады. Домбыра, қылыш, ыдыстарды қолмен ұстап коруге мүмкіндігін бере алады.
Жобаның 3D макеттері Blender программасында жасалып, Unity программасы арқылы қазақ үйдің ішінде қозғалып жүру үшін телепорт қосылды. Үйдің ішіндегі заттарды қолмен ұстап көру үшін физика қосылды.
Бұған дейін авторлар ҰОС қолданылған қару-жарақтар мен әскери техникалардың макеттері орналасқан виртуалды мұражай жасаған, сондай-ақ «Жидебайға виртуалды саяхат» жобасын да жасап, көп конкурстарға ұсынған.
Жетекшісі: Абай атындағы мамандандырылған мектеп- гимназия интернатының информатика пәні мұғалімі Арашев Бекзат Жеңісұлы.
Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі