Ұландық жауынгерлер үйінді астында қалған қостанайлық тұрғындарға көмектесті
1 желтоқсан сағат 12:36 шамасында Қостанай қаласының іргесіндегі Амангелді елді мекені (Краснопартизан), Энергетиктер көшесінде орналасқан КамАз орталығы жалға алып отырған жүк көліктері бекетінде газ жарылды. Салдарынан бір қабатты ғимарат опырылып, бірнеше адам қирандылар астында қалған.
Жарылыстан тұтанған өртті сөндіру және үйінді астында қалған адамдарды іздестіру-құтқару жұмыстарына 263 төтенше жағдай қызметкері мен 61 техника жұмылдырылды. Жарылыс салдарымен күрес жұмыстарына Қостанай қаласындағы Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімінің жеке құрамы да атсалысты. Ұландық сарбаздар үйінді астында қалған адамдарды құтқаруға көмек берді.
Іздеу-құтқару жұмыстарының нәтижесінде 12 адам құтқарылған. Өкінішке қарай, 3 адамды аман алып қалу мүмкін болмады. Қазіргі сәтте жарқыншақ тиіп жараланғандар және үйінді астынан табылған бірнеше адам ауруханаларда емделіп жатыр. Айта кетейік, Қостанай қаласының ПБ ҚР ҚК-нің 292-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.