Жедел және кедергісіз: Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңестің жұмыс форматы қалай өзгерді
Үкіметте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен жаңа форматта өткізілген Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңестің (инвестициялық штаб) кезекті отырысы өтті.
Отырысты аша отырып, Роман Скляр Инвестициялық штаб мүшелеріне Инвестициялар тарту жөніндегі кеңес төрағасының орынбасарын таныстырды. Бұл қызметке ҚР Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Әсет Ерғалиев тағайындалды. Инвестиция тарту мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екені атап өтілді.
Отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе Инвестициялық штабтың жұмысын қайта форматтау болды. Еске сала кетейік, желтоқсан айының басында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Кеңеске ерекше өкілеттіктер беретін «Ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Бүгінгі таңда Үкімет алдында 2029 жылға қарай экономика көлемін $450 млрд-қа дейін, яғни 2 есеге дейін ұлғайту жөнінде міндет тұр. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін елге кемінде $150 млрд шетелдік инвестиция тарту қажет.
Қазақстанда инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша жұмыс жалғасуда, нормативтік-құқықтық база және инвесторларды қолдау құралдары жетілдірілуде. Алайда бизнесті алаңдататын мәселелер бар, оларды орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор нысандарының қатысуымен жедел, жіті қадағалау арқылы шешу қажет.
Осы жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ету үшін елде инвесторлармен қолдау және өзара іс-қимыл бойынша жедел шешімдер қабылдау жүйесі іске асырылатын болады. Бүгінгі таңда Инвестициялық штаб отандық және шетелдік инвесторлардың бірқатар нақты кейсін қарастырды. Бизнес алдында тұрған проблемалық мәселелер мен бюрократиялық кедергілер белгілі болды.
Бұдан басқа қазір республикада нақты және жүйелі сипаттағы кемшіліктерді одан әрі анықтау үшін барлық іске асырылып жатқан инвестициялық жобаға тексеру жүргізіліп жатыр. Әкімшілік кедергілерді азайту, рұқсат беру құжаттарын келісу процестерін жеделдету және т.б. үшін бірқатар заңнамалық актіге өзгерістер дайындалуда.
Отырыс аясында Инвестициялық штаб хаттамаларының ұсыныс білдіру сипатын өзгерту туралы қаралып, бекітілді. Енді Кеңестің барлық шешімін мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар міндетті түрде орындауы қажет. Инвестициялық штабтың тапсырмалары тиісінше орындалмаған жағдайда жауапты тұлғалар, оның ішінде саяси мемлекеттік қызметшілер жұмыстан кетуге дейін жауапқа тартылатын болады. Сонымен қатар қойылған міндеттерді орындамағаны үшін Кеңес мүшелерінің де, орталық, жергілікті атқарушы органдар басшыларының, квазимемлекеттік сектор нысандарының да жауапкершілігі едәуір артады.
Инвестициялық штаб өңдеуші салада кемінде 15 ірі жобаны іске асыру мәселелерін қарады, олар жаңа өсу нүктелеріне айналуы және елдің өнеркәсіптік негізін қалыптастыруы тиіс. Болашақта мультипликативті әсерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін ШОБ-ты тарта отырып, олардың айналасында аралас салалар мен өндірістердің тұтас экожүйесін құру жоспарланып отыр. Қысқа мерзімде Кеңестің қарауында болатын жобалардың соңғы тізбесін жасау тапсырылды. Тізбе бекітілгеннен кейін олардың әрқайсысы бойынша тиісті іс-шаралар жоспарларын қалыптастыру керек.
Отырысқа екі ірі инвестициялық жобаны іске асырудың проблемалық мәселелері шығарылды – құны $98 млн болатын Goknur Gida түрік компаниясының органикалық шырындар мен езбе өндіру зауыты және нидерландтық Farm Frites компаниясының ($145 млн) фри картобын өндіру кәсіпорны. АШМ, Жамбыл және Алматы облыстарының әкімдіктері осы бастамаларды іске асыруды кешіктіруге жол бергені айтылды.
Талқылау қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға аталған жобалар бойынша бар проблемалық мәселені қысқа мерзімде шешу тапсырылды.