ІІМ-де адам саудасына қарсы күрес мәселелері бойынша Ведомствоаралық комиссия жұмысы қорытындыланды
Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың төрағалығымен адам саудасына қарсы күрес мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның қорытынды отырысы өтті.
Отырысқа Парламент Мәжілісінің депутаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Әділет, Мәдениет және ақпарат, Сыртқы істер министрліктерінің, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, Бас прокуратураның, Қаржы мониторингі агенттігінің, ҰҚК Шекара қызметінің басшылығы, сондай-ақ Халықаралық көші-қон ұйымының, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Комиссияда ІІМ мен мемлекеттік органдардың 2021-2023 жылдарға арналған адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі үкіметтік жоспарды орындау бойынша жұмысы қаралып, адам саудасының құрбандарына көмек көрсететін баспаналар мәселесі талқыланды.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ІІМ әзірлеген “Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы” Заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында екенін айтып, елдегі жағдай мен анықталған қылмыстар, бірлескен жұмыс туралы баяндады.
Талқылау барысында адам саудасына қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын жақсарту, мәжбүрлі еңбек фактілерін анықтау және жекелеген бағыттар бойынша шараларды жандандыру туралы ұсынымдар айтылды.
Сөз соңында ведомство басшысы мемлекеттік органдар өкілдерінің адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысқа қосқан үлесін атап өтіп, марапаттар табыс етті.
Отырыс соңында ВАК функциялары 2024-2025 жылдары төрағалық ету үшін ІІМ-нен Еңбек министрлігіне берілді.