«Qazaqstan: тұрақты даму моделіне қарай» материалдар жинағы жарық көрді
«Qazaqstan: тұрақты даму моделіне қарай». Жас сарапшылардың көзқарасы» талдау материалдарының жинағы электронды нұсқада жарық көрді және қазіргі кезде көптеген оқырмандар еркін қол жеткізе алады. Басылымды Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері «Талдау мектебі» жобасына қатысушыларымен бірге дайындаған болатын. Басылым материалдары сарапшылардың еліміз Президентінің кешенді реформаларын іске асырудың тиімді жолдары мен тетіктерін ойласуға қосқан үлесінің бірлескен алғашқы қадамы болып табылады.
Жинақтың тұсаукесері 2023 жылғы 21 қарашада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен өткенін еске сала кеткен жөн.
«Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік органдар қызметінде талдау жүргізу бағытын күшейту қажет. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы мәселеге әрдайым баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында мемлекеттік басқарудың тиімділігі негізінен талдаумен қамтамасыз етудің сапасына байланысты екенін айтты», - деп атап өтті Сенат Төрағасы тұсаукесер барысында.
Басылымда Қазақстанның инфляциялық, өңірлік экономикалық саясатының әртүрлі аспектілеріне, транзит-көлік әлеуеті саласына, білім беру проблемасын шешудегі бизнестің рөліне, жастар саясатын іске асыру мәселесіне, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды инклюзиялық дамытуға және жұмысқа орналастыруға қатысты Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің алты бағыты бойынша материалдар қамтылған.
Жинақта шешім қабылдаушылардың, зерттеушілердің және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының заманауи ағымдарына қызығушылық танытқандардың жұмысында пайдалы болатын қазіргі ахуалға талдау, ұсынымдар мен құралдар ұсынылған.
Басылым авторларының жұмыстарын мына: https://drive.google.com/file/d/12NeUl0y3HIICctYdiU4h1xpMkst7tYdM/view?usp=drive_link сілтемесі бойынша жүктеуге және танысуға болады.
Суретті түсірген: Н. Байбулин