Екі күн ішінде автожолдарда 5 мыңнан астам адам құтқарылды
Еліміздің автожолдарында авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда.
Температураның төмендеуіне, көктайғақ пен боранға байланысты бірқатар өңірлерде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда қозғалыс жабылды.
Жалпы екі тәулік ішінде еліміздің автожолдарында 5 мыңнан астам адам, оның ішінде 275 бала құтқарылды.
Өткен тәуліктің өзінде жолдарда 4 510 адам, оның ішінде 225 бала құтқарылды.
Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, полиция, Қазавтожол, шекара жасағының күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Бұдан басқа, Жамбыл облысына өзара іс-қимыл шеңберінде және Қырғыз Республикасына баратын 100-ге жуық автокөліктің жүріп-тұруына көмек көрсету үшін Қырғызстан ТЖМ күштері мен құралдары келді.
Қолайсыз ауа-райына байланысты құтқару жұмыстары қиындады.
Жамбыл облысының Жуалы және Қордай аудандарында 4096 адам, оның ішінде 181 бала, 39 шетел азаматы құтқарылды.
Тараз қаласынан Шымкентке қарай шығаберісте 400-ден астам автокөлік, Қордай асуында - 60 бірлік, Благовещенкада-340 бірлік көлік кептелісте тұр. Автожолдарды тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.
Түркістан облысында 357 адам, оның ішінде 40 бала құтқарылды.
Шымкент-Тараз бағыты бойынша Шұқырбұлақ елді мекенінің ауданында шамамен 400 бірлік техника, Шақпақ ауылының ауданында шамамен 230 бірлік техника кептелісте тұр. Олардың ішінде 1200-ге жуық адам бар. Азаматтар жылыту пункттеріне орналастырылған.
Жамбыл және Түркістан облыстары әкімдерінің шешімдерімен Қордай, Шу және Түлкібас аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Жетісу облысында «Үшарал-Достық» автожолында қар құрсауынан 57 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылды.
Алматы және Қарағанды облыстарында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді. Қолайсыз ауа-райында мал жаюға және мал іздеуге шыққан үш адам аман-есен табылды.
Жедел желі телефондары жұмыс істейді:
- ТЖМ 8 717 2 70 41 14,
- Жамбыл облысы ТЖД 8 726 2 51 35 75, 51 41 67,
- Түркістан облысы ТЖД 8 725 33 57 897.
ТЖМ дауылды ескерту кезеңінде алыс сапарларға шықпауға, алыс қашықтыққа жаяу жүруден бас тартуға кеңес береді.