Қазақстанда халықаралық әскери ынтымақтастық аясында 6 оқу-жаттығу өткізілді
Қарулы Күштер тарихында алғаш рет соғыс жағдайында Жоғарғы Бас қолбасшылықтың ордасын қою, Үкіметтің және экономика мен халықтың тыныс-тіршілігінің жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі облыстардың қорғаныс кеңестерінің жұмысы, әскери жағдай режимін қолдау, сондай-ақ соғыс жағдайында жұмыс істеу мәселелері пысықталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Абай облысында және Каспий теңізінің акваториясында әскерлердің ведомствоаралық және түраралық топтары ҚК Бас штабы әзірлеген бірыңғай жоспар бойынша оқу-жауынгерлік міндеттерді бірлесіп орындады.
Сондай-ақ оқу-жаттығу барысында әскери міндеттілерді құрама сапында жауынгерлік дайындықпен шақыру мәселелері пысықталды, әскерлерді оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау аудандарына стратегиялық қайта топтастыру жүзеге асырылды.
Халықаралық әскери ынтымақтастық аясында Қазақстанда Беларусь, Үндістан, Қырғызстан, Пәкістан және Өзбекстанмен бірлесіп 6 халықаралық оқу-жаттығу өткізілді. Шетелде ҚР ҚК әскери қызметшілері 24 халықаралық оқу-жаттығу мен жарысқа қатысты, оның ішінде байқаушылар да болды. Барлық жаттығу кешенді қатерлерді бейтараптандыруды көздейтін бірыңғай стратегиялық жағдайда өтті.
Қазақстандық бітімгершілік бөлімшесі құрылғаннан бері мұнда 607 әскери қызметші қызмет атқарды, оның ішінде 7 әйел бар. Қазіргі уақытта еліміздің Қарулы Күштерінен бітімгершілік миссияларға 19 әскери қызметші қатысуда.