Төтенше жағдайлар министрі қазақстандықтарға үндеу жасады
30 желтоқсаннан 3 қаңтар аралығында ТЖМ бөлімшелері төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін қызметтің күшейтілген режиміне көшті. Күштер мен құралдар тұрақты әзірлікте тұр.
Мереке күндері ауа-райының қолайсыздығына байланысты азаматтардан дауылды ескертулерді, ауа-райының өзгеруін, жолдардың жабылуы туралы хабарламаларды бақылауды, сондай-ақ алыс сапарға шықпауды сұраймын.
Ауылдық жерлерде тұратын тұрғындарға ауа райы нашарлаған жағдайда алыс қашықтыққа жаяу жүруден бас тартуды ұсынамын.
Қазіргі уақытта ауа-райының күрт жылынуына байланысты еліміздің кейбір өңірлерінде су айдындарында мұздың жұқарғаны байқалады. Осыған байланысты азаматтардан жұқа мұзға шықпауды және қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін қатаң сақтауды сұраймын!
Жаңа жылдық іс-шараларды ұйымдастырушылар мен азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтауға шақырамын. Үй-жайда отшашулар мен өртке әкелуі мүмкін басқа да өрт қауіпті жарық әсері бар құралдарды пайдалануға болмайды.
Пиротехникалық құралдарды абайсыз қолдану өрттің пайда болуына ғана емес, сонымен қатар жарақат пен мертігуге әкелуі мүмкін екенін еске саламын.
Сонымен қатар, тұрмыстық өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтап, балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмау қажет.
Қарапайым ережелерді сақтау сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.
Жаңа жыл отбасылық мереке екенін ескере отырып, оны үйде отбасымен қарсы алуды ұсынамын.
Сырым Шәріпханов,
Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрі