Сенаторлар: Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру фермерлерге еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді
Алматы облысының Қонаев қаласында ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту мәселелері бойынша отырыс болды. Оған Сенат депутаттары Закиржан Кузиев, Жанболат Жөргенбаев және Сұлтан Дүйсембинов қатысты.
Отырысқа қатысушылар ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және оларға мемлекеттік қолдау көрсету мәселелерін талқылады. Кездесуге облыстық және қалалық ауыл шаруашылығы басқармаларының өкілдері, фермерлер мен мәслихат депутаттары қатысты.
«Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру шаруаларға еңбек өнімділігін арттыруға, өнімді өткізудің тұрақты арналарын қалыптастыруға, сондай-ақ өндіріс қуаттарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, кооперативтер мемлекеттік қолдаудың барлық мүмкіндіктерін ала алады», - деп атап өтті депутат Закиржан Кузиев.
Шара барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы кооперативтерін мемлекеттік қолдау жүзеге асып жатқаны, соның арқасында ортақ іске біріктірілген шаруа қожалықтарына несие беру шарттары жеңілдетілгені айтылды. Мысалы, өңірде құрылған 37 ауыл шаруашылығы кооперативінің 14-і 371 млн теңгеге қаржыландырылды.
Депутаттар сонымен қатар шаруаларға кооперативтер құрудың маңыздылығы мен тиімділігі және мемлекеттік қолдау көрсетілетін шаралары туралы айтып берді. Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында «Egemen Qazaqstan» газетіне шыққан сұхбаты талқыланды.