Семейлік оқушылар Индонезияда робототехника чемпионатында жеңіске жетті
Индонезия елінің Депок қаласында FIRST Tech Challenge халықаралық робототехникадан ашық ойындар өтті. Жарысқа 5 мемлекеттен 30 команда қатысты.
Қазақстан, Америка, Индонезия, Австралия, Малайзия елдерінен қатысқан жас робототехника құрастырушылары өз жұмыстарын ұсынып, тартысты бәсекеге түсті. Нәтижесінде Абай облысының «Shanyraq» құрама командасы робот-тасымалдаушы құрастырып, жүлделі 3-орынға ие болды.
Жоғары нәтижеге қол жеткізген «SHANYRAQ» командасының құрамында: жетекшісі, информатика пәні мұғалімі Тұрсынбеков Айдос және Семей қаласы Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназиясының оқушылары Олжас Самархан, Диляра Нұрмұхамбетова, Ерасыл Қанағатов, Темірлан Абылхан, Радмир Жеңісбек болды. Жеңімпаздар жарыста бастапқы үлгіде «Robot game» ойынын құрастырды.
Еске салсақ, 2023 жылғы желтоқсан айында Абай облысының командасы Almaty Tech Cup республикалық турнирі аясында Индонезиядағы чемпионатқа жолдама жеңіп алды. Дарынды оқушылармен кездесу барысында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев талантты жастарға облыс атынан ризашылығын білдіріп, алдағы турнирде табыс тілеп, әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетілді.