Cемей-9°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
513 541.16 4.69

Сенаторлар шикізаттық емес тауарлардың экспортын ілгерілету туралы заңды мақұлдады

11-01-2024, 13:55 Думан Кенжеғазыұлы

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысының ұсынуы бойынша Жоғарғы Соттың судьяларын қызметінен босату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ сенаторлар отырыс кезінде бірқатар заңды мақұлдап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Ел Президентінің тиісті ұсынуын қарау нәтижесінде Ербол Исмаилов, Ақылтай Қасымов, Альфия Савинова және Айгүл Сапарова Жоғарғы Соттың судьясы қызметінен босатылды. Ұсынылған кандидатуралар алдын-ала Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды.

Сонымен қатар Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарап, мақұлдады. Бұл заң Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді.

Осыған дейін айтылғандай, аталған құжат Азаматтық және Бюджет кодекстеріне, сондай-ақ тағы 8 заңға түзетулер енгізуді көздейді. Атап айтқанда, экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдіктің күшін сақтандыру төлемдерін өтеу үшін де, ЭКА жүзеге асыратын кепілдік берілген төлемдерді өтеу үшін де қолдау ұсынылады. Заң нормалары Агенттіктің қызметін лицензиясыз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Ұлттық даму институтының функциялары бірқатар бағыт бойынша шикізаттық емес экспортты ілгерілету мәселелерімен толықтырылады.

«Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында шикізатқа тәуелділіктен арылу қажет екенін айтқан болатын. Бұл ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие бағыт екені сөзсіз. Сондықтан бүгін мақұлданған заңда отандық шикізаттық емес тауарлардың экспортын дамытатын жаңа институт құру көзделіп отыр. Осыған байланысты экспорттық-кредиттік агенттікке арнайы құқықтық статус берілді. Заң аясында, жаңа құрылымның жұмысына қажетті барлық құқықтық және өзге де құзіреттер қарастырылған. Мақұлданған заң осы саладағы мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттырады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Бұл заң құқықтық реттеудегі олқылықтарды жою арқылы еуразиялық интеграцияны одан әрі дамытуға арналған.

Хаттама арқылы ЕАЭО туралы шартқа ЕАЭО кедендік шекарасындағы мемлекеттік бақылау, арнайы қорғаныш демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану, техникалық реттеу, бәсекелестік, табиғи монополиялар, еңбек көші-қоны, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар, көлік және салық салу мәселелеріне қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.

Нұртөре Жүсіп Үкіметті азаматтардың мәдениет деңгейін арттыру және ұлттық құндылықтарды одан әрі дәріптеу мәселелерімен жүйелі түрде айналысуға шақырды.

Ақмарал Әлназарова халықты емханаларға бекіту және тіркеуден шығару тетіктерін қайта қарау қажеттігін атап өтті. Сенатордың пікірінше, жүйедегі олқылықтарға байланысты миллиондаған азамат сапалы алғашқы медициналық-санитарлық көмек алу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.

Андрей Лукин коммуналдық қызметтердің кәсіпкерлерге жылу энергиясын қосалқы тұтыну ретінде төлеу туралы заңсыз талаптарына назар аударды. Осыған орай депутат еліміздің кейбір облыстарында болған нақты жағдайларды мысалға келтірді.

Дархан Қыдырәлі еліміздегі мектептерде оқытылатын тарих оқулықтарын және жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын Қазақстан тарихы бойынша дайындалып жатқан көп томдыққа сәйкес қайта жетілдіріп, жандандыруды ұсынды.

Жанна Асанова отандық фармакологиялық компанияларды аладатып отырған проблемаларды көтеріп, оларды шешу бойынша бірқатар шара ұсынды. Оның қатарында бағаларды жыл сайынғы міндетті тіркеуді немесе бұрыннан тіркелген бағаларды қайта тіркеуді алып тастау мәселесі де бар.

Ғалиасқар Сарыбаев Алматы және Жетісу облыстарында мыңдаған тонна жүгері сатылмай қалғанын айтып, бұл түйткіл жергілікті шаруаларды алаңдатып отырғанын жеткізді. Сенатордың айтуынша, мәселені шешу үшін өнімді терең өңдеуді қолға алу керек.

Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысын газдандыру мәселелеріне Үкіметтің назарын аударып, оны шешу жолдарын ұсынды.

Суретті түсірген: Н. Байбулин

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив