Халықаралық қаржы корпорациясының өкілдерімен ынтымақтастық мәселелері талқыланды
ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Дүниежүзілік банк тобының халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) өкілдерімен кездесті
Кездесуде халықаралық қаржы корпорациясымен көлік, логистика, автожолдар және авиация саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберіндегі жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
«Бүгінгі таңда отандық әуежайларды логистикалық қызметтер көрсететін мультимодальды орталықтар ретінде дамыту бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, Terminal Holding компаниясымен бірлесіп Астана әуежайын дамыту бойынша бірлескен жоба басталды», - деді өз сөзінде Т.Ластаев.
Айта кетерлігі, Terminal Holding компаниясы ең алдымен ұшу-қону жолағын реконструкциялап, оны одан әрі жаңғырту жұмыстарын өз мойнына алып отыр. Осы ретте елордалық әуежайды дамытудың ұзақ мерзімді бизнес-жоспары әзірленеді деп жоспарланып отыр.
Құрғақ порт пен логистикалық паркті дамыту мәселесі туралы айта келе, елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуды қамтамасыз ету үшін 4 ірі теміржол жобасы іске асырылып жатқанын айта кеткен орынды. Оның ішінде, Достық-Мойынты учаскесінде екінші жолдарды, Алматы станциясын айналып өтуге арналған жол, Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз жаңа желілерінің құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн.
Жиын барысында тараптар Транскаспий халықаралық көлік маршрутын одан әрі дамыту, отандық әуежайларды дамыту бойынша, сонымен бірге Қазақстанның Қытаймен шекарасында үшінші өткізу пунктін салу (Бақты-Аягөз), Құрғақ порттар мен логистикалық парктерді дамыту, Ақтау портында контейнерлік хаб және «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалын салу, автомобиль жолдарын реконструкциялау бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында екі тарап көлік саласындағы нәтижелі әрі жемісті ынтымақтастыққа үміт білдірді.